420,31 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

2020 жыл: отандық спортшылардың басты жетістігі қандай

  • 232
  • UPD: 12:34, 28.12.2020
2020 жыл: отандық спортшылардың басты жетістігі қандай ҚР ҰОК

Биыл спортшылар үшін де күрделі жыл болғаны анық. Пандемияға байланысты төртжылдықтың бас додалары – Токио олимпиадасы мен футболдан Еуропа чемпионаты да өткен жоқ.

Көптеген спорттық іс-шаралардың кейінге қалғанына қарамастан, оқу-жаттығу жиындары өткізілді. Барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, спортшылардың дайындықты жалғастыруына мүмкіндік берілді. Карантин шаралары жеңілдетілген соң, бірнеше спорт түрінен ұлттық чемпионаттар ұйымдастырылғаны да қазіргі жағдайда үлкен жетістік екені анық.  Осы орайда Olympic.kz #TEAMkz мүшелерінің 2020 жылдағы ең басты жетістіктеріне қысқаша шолу жасады. 

Каратэ: қоржынға тарихи жолдама түсті 

Олимпиада ойындарының бағдарламасына еніп, Токио төрінде алғашқы чемпиондарын анықтайтын каратэ жанкүйерлері үшін жыл жағымды жаңалықпен басталды. Қазақстан командасының капитаны, Премьер-лига кезеңдерінің бірнеше дүркін жеңімпазы Дархан Асаділов біздің спортшылар сапынан алғаш болып Олимпиада лицензиясын иеленді.

67 келіге дейінгі біріккен салмақ дәрежесінде сынға түсетін Дархан Олимпиада ойындарына мерзімінен бұрын лицензия ұтып алды. Төртжылдық додасына іріктеу кезеңі әлі аяқталмаса да, Асаділов Токио Олимпиадасына қатысу мүмкіндігін иеленіп отыр.  Себебі, олимпиадалық рейтингтің көш басында келе жатқан Дарханды жақын арада ешкім қуып жете алмайды.

Дархан Асаділов өткен жылы басталған іріктеу бәсекелерінің басым көпшілігінде жеңіске жетті. Атап айтар болсақ, Қазақстан командасының үздігі 11 Премьер-лига кезеңінің сегізінде жеңіске жеткен. Осылайша, ол жүзден аса елден қатысқан 600 спортшының ішінен көш бастап отыр. 

Асаділов 67 келіге дейінгі біріккен салмақ дәрежесіндегі олимпиадалық рейтинг тізгінін 2019 жылдың шілдесінен бері ешкімге ұстатқан емес. Қазіргі сәтте Дарханның еншісінде 9817.5 ұпай бар. 

Каратенің Олимпиадаға бағдарламасына алғаш рет енгізіліп отырғанын ескерсек, Дарханның бұл жетістігі тарихта қалатыны сөзсіз. 

Бокс: Токиоға төрт көзіміз түгел барамыз

Бокстан Қазақстан командасы 2020 жылғы Токио Олимпиадасына толық құраммен барады. Иорданияның Амман қаласында аяқталған Азия/Океания аймақтық іріктеу турнирінде Ғалымбек Кенжебаев шәкірттері мүмкін болған сегіз жолдаманың барлығын да жеңіп алды. Ал Қазақстан әйелдер командасы бес салмақтың біреуінде ғана лицензияға қол жеткізді. Отандық боксшылар жолдамадан бөлек, Амманнан сегіз жүлде жеңіп алғанын да айта кету керек. 

Қазақстан ерлер командасы алдымен жеті салмақта жолдама мәселесін шешіп алды. Тек 52 келідегі Сәкен Бибосынов қана қосымша жекпе-жек өткізіп, Токио ойындарына апаратын билетін еншіледі.

Ал Ерік Алғабек жаттықтыратын Қазақстан әйелдер командасы келесі жылы өтетін лицензиялық турнирлерде тағы төрт жолдама жеңіп алуға тырысады. 

Токио Олимпиадасына жолдама алған боксшылар тізімі:

52 келі – Сәкен Бибосынов

57 келі – Серік Теміржанов 

63 келі – Зәкір Сафиуллин 

69 келі – Абылайхан Жүсіпов 

75 келі – Әбілхан Аманқұл 

81 келі – Бекзад Нұрдәулетов 

91 келі – Василий Левит 

+91 келі – Қамшыбек Қоңқабаев

75 келі – Надежда Рябец

Спорттық гимнастика: Әлем кубогіндегі жетістік

Александр Ким жаттықтыратын спорттық гимнастикадан Қазақстан командасы індетке байланысты бар міндетті орындай алған жоқ. Десе де, карантинге дейін Австралияның Мельбурн қаласында өткен әлем кубогі кезеңінде Милад Карими күміс медаль иеленді. Ал Әзірбайжанның Баку қаласындағы әлем кубогі кезеңінде спортшыларымыз төрт жаттығу бойынша финалға жолдама алған. Алайда, коронавирус індетіне байланысты ұйымдастырушылар финалдық бәсекені өткізген жоқ.

Спорттық гимнастикадан халықаралық жарыстар карантин шаралары жеңілдетілген соң қайта жалғасты. Венгрияның Сомбатхей қаласында өткен әлем кубогі кезеңінде Нариман Курбанов гимнастикалық ат снарядындағы жаттығудан жеңіске жетсе, Милад Карими қоссырық пен гимнастикалық кермедегі жаттығуда күміс жүлдегер атанды. Сондай-ақ, Ілияс Азизов еркін жаттығуда үздіктер қатарынан көрініп, әлем кубогі кезеңдерінде алғаш рет күміске қол жеткізді. 

Олимпиада күні: ҰОК әлемдік мерекені тойлады

23 маусым – Халықаралық Олимпиада күні. Атаулы мереке карантин көлеңкесінде қалып қойған жоқ. Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті бұл күні тікелей эфир өткізіп, қазақстандық спортшылардың әлемдік аренадағы жеңістеріне тоқталды.

Сондай-ақ, «Олимпиада балалық шақтан басталады» атты интерактивті марафон өтті. Мұндай форматтағы тікелей эфир Халықаралық Олимпиада күні аясында алғаш рет өтіп жатыр. Биыл белгілі себептерге байланысты мерекелік іс-шаралар сандық деңгейде атап өтілді, бірақ бұл қазақстандық жанкүйерлердің басын қосуға кедергі болған жоқ.  Төрт сағатқа созылған тікелей эфир барысында Қазақстан Олимпиадалық командасының атлеттері көрермендерді Олимпиада күнімен құттықтап, өздерінің олимпиадалық тарихын айтып, пайдалы жаттығу қимылдарын көрсету үшін марафонға қосылды. 

Ауқымды жобаның қонақтары қатарында олимпиадалық спорт түрлерінен ұлттық команда көшбасшылары, дзюдошы Елдос Сметов, боксшылар Абылайхан Жүсіпов пен Василий Левит, велоспортшы Алексей Луценко, гимнаст әрі көркем гимнастикадан ұлттық құраманың бас бапкері Әлия Юсупова, грек-рим күресінің шебері Алмат Кебіспаев және мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаевалар бар. 

Сонымен қатар, ҰОК Халықаралық олимпиада күнінде дүние есігін ашқан сәбилерді арнайы құттықтады. Халықаралық Олимпиада күнінде Қазақстанда 1242 сәби дүниеге келді. Олардың барлығы Қазақстандағы олимпиадалық жанұядан естелік сыйлықтар алды. Сондай-ақ, танымал спортшылар жаңа туған сәбилерге үлкен өмірде ақ жол тіледі.

Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитеті ұсынған құттықтау сертификаттары мен пайдалы сыйлықтар еліміздегі 168 перинатальді орталыққа жіберіліп, ұйым әкімшілігі сыйлықтарды жаңа туған сәбилердің ата-анасына табыстады. Перинатальді орталық қызметкерлерінің көмегі арқылы кейбір аналарды видеоқоңырау арқылы біздің олимпиадашылар да құттықтады.

Дмитрий Баландин, Елдос Сметов, Мерей Ақшалов, Дмитрий Карпов, Гузель Манюрова, Бахтияр Артаевтар барлық аналар мен балаларға мықты денсаулық тіледі.

Хабар 24 телеарнасы