421,98 511.30 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Коронавирус Қазақстан спортына әсерін тигізді

  • 191
  • UPD: 11:21, 31.12.2020

Елімізде жыл соңына қарай спорттық ішкі біріншіліктер қайта жанданды. Бірақ көрермендерсіз. Яғни пандемияға байланысты қатаң шешімдер қабылданып, жұртшылықтың денсаулығына қауіп төндірілген жоқ. Дегенмен, спорттың кей түрінде онлайн жарыстар пайда болды. Жалпы коронавирус сала жұмысына қалай әсер етті? 

2020 жыл қарбаласпен басталды. Өйткені жаздың ортасына қарай Олимпиада болуы керек еді. Ол кезде қауіпті індет осынша етек жайып, бүкіл әлемді әбігерге салады деп кім ойлаған?! Сәйкесінше барлық бағыт бойынша ұлттық құрамалар кешенді дайындықтан өтті. Шеберліктерін шыңдады. Әне-міне аламанға араласуы қажет еді. Қазақстан құрамасы бас-аяғы 100-ден аса лицензия алуды көздеді. Яғни бұл жолғы көрсеткіш алдыңғы Олимпиададан кем болмауы керек.

Назым Қызайбай, бокстан ұлттық құрама мүшесі:

- Әрине енді 5 жыл болды сол Олимпиада деп, әр спортшының арманы Олимпиада ғой. Менің арманым, мақсатым Олимпиада. Олимпиадаға лицензия алу үшін енді соған дайындаламыз. Менің ойымша именно сол жарыса дайындалу үшін ақырындап-ақырындап жақсы формаға барып, 100 процент жақсы дайындалып бару керек деп ойлаймын. Ең бастысы сол. Басты мақсат. Оған дейін халықаралық жарыстар болады, жиындар болады.

Бокстың жағдайы салыстырмалы түрде жақсы. Күрес, дзюдо, таэквондо сияқты жекпе-жек шеберлері лицензиялық жарыстарға қатыстып та үлгірмеді. Көбі сәуір-мамыр айларына жоспарланған. Тағы да сол короновирустың кесірінен алдымен уақытын шегерді, кейін мүлде өтпейтін болды. Бұған қоса биыл Олимпиада бағдарламасына каратэ-до, құзға өрмелеу және скейтбординг сияқты бағыттар қосылды және олардан да жақсы үміт бар. Жалпы біздің құрама Олимпиадаға 30-дан аса спорт түрінен жолдама алып келді. Есесіне онлайн бәсекелер пайда болды.

Жанат Мусин, Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының басшысы:

- Енді ешқашан бұнымен кездеспегеннен кейін біз біраз уақыт ойландық жұмыстағы әріптестермен. Сол уақытта заманға сай технологияларды қолданып, онлайн жарыстар өткізе бастадық. Бұл жерде барлық карантиндік іс-шаралар қарастырылған. Спортшылар өздері біледі қай уақытта жүгіретінін, қай жерде жүгіретінін өздері шешеді де жүгіріп, ұялы телефондағы программа арқылы бізге өз нәтижелерін жібереді. 

Егер онлайн жарыстарға қатысты жаңа мобильді қосымша пайда болса, яғни шетелдік баламаларын ауыстыратын қазақстандық нұсқа жасалса сала басшылары оны жан-жақты қолдауға дайын. Қолдауға және қолданысқа енгізуге. Қысқасы, осы және өзге де қарбаластар қыруар қаржыны үнемдеуге көмектеседі. Жоғарыда талай жарыстың өтпей қалғанын айттық қой. Соның арқасында 4,3 миллиард теңге республикалық бюджетте қалды. Бұл маусым айындағы көрсеткіш.

Ақтоты Райымқұлова, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

- Карантинге байланысты бірқатар мәдени және спорттық жарыстың өтпей қалғаны белгілі. Оның ішінде халықаралық, құрлықтық және әлемдік деңгейдегі небір додалар бар. Тіпті Токиодағы Олимпиада мен паралимпиада ойындарының өзіне шектеу қойылды. Ал бұл сол жарыстарға жұмсалатын ақшаның үнемеделгенін білдіреді. Жарыстардан бөлек жоспарланған оқу-жаттығу жиындары да көп еді. Бірақ қалыптасқан жағдайға байланысты барлығын тоқтаттық. 

2020 жыл Қазақстан спорты үшін соншалық жаман не соншалық жақсы болды деу қиын. Бертін келе әсіресе қараша және желтоқсан айларында біртіндеп ішкі біріншіліктер жанданды. Әсіресе бокс, күрес, дзюдо сияқты негізгі  спорттардан ел чемпионатын өткізіп үлгердік. Қалғандары алдағы айларда ұйымдастырылмақ. 

Авторлар: Рауан Мыңбаев, Аслан Қаженов

Хабар 24 телеарнасы