«Ұлттар кубогі»: финалда қазақстандық алты боксшы өнер көрсетеді

Әйелдер боксынан Сербияда өтіп жатқан «Ұлттар кубогі» халықаралық турнирінде тағы үш қазақстандық боксшы ақтық сынға жолдама алды, деп жазады Olympic.kz. 

Жартылай финал кездесулерінің нәтижесі бойынша, 48 келідегі Арайлым Марат финалға өтті. Ол ресейлік қарсыласын жеңген.  Сондай-ақ 54 келідегі Қазақстанның он дүркін чемпионы Дина Жолдаман да ресейлік спортшыдан басым түсіп, финалда жұдырықтасу мүмкіндігіне ие болды. Ал еліміздің жаңа чемпионы Владислава Кухта финал жолдамасы үшін таласта чехиялық қарсыласын ұтты. 

Мұның алдында да үш жерлесіміз финалға жолдама алған. 60 келіде Римма Волосенко жартылай финалда түркиялық қарсыласын жеңіп, финалға шықса, 81 келіден жоғары салмақта Ләззат Күнгейбаева чехиялық спортшыдан басым түсті.

Ал 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Гүлсая Ержан жеребе нәтижесі бойынша автоматты түрде финалист атанған болатын. 

69 келі салмақ дәрежесінде шаршы алаңға шыққан Валентина Халзова жартылай финалда түркиялық әлем чемпионы Бусеназ Сурменелиге жол беріп, жарыстың қола жүлдесіне ие болды.