Қазақстан командасы фристайл-акробатикадан әлем кубогі кезеңіне қатысады

16-17 қаңтар аралығында Ресейдің Ярославль қаласында фристайл-акробатикадан әлем кубогі кезеңі өтеді. Аталған сынға қазақстандық спортшылар да қатысады деп хабарлайды Olympic.kz.

Әйелдер арасындағы бәсекеде Жанбота Алдабергенова, Ақмаржан Қалмұрзаева, Маржан Ақжігіт және Аяна Жолдасовалар сынға түседі. 

Ерлер арасында Қазақстан намысын Шерзод Хаширбаев, Ильдар Бадурдинов, Роман Иванов және Нұрлан Батырбаевтар қорғайды. 

Жарыс кестесіне сәйкес, 16 қаңтар күні жекелей сын, 17 қаңтар күні командалық бәсеке өтеді. 

Турнир қарсаңында барлық спортшылар коронавирус індетіне байланысты тест тапсырды.

Әлем кубогі кезеңіне Канада, Жапония, Австралия, АҚШ, Ұлыбритания, Швейцария, Беларусь және Қазақстаннан елуден астам спортшы қатысады.