Сербиядағы турнирден қазақстандық сегіз боксшы қыз медальмен оралды

9 спортшымыздың 8-і жүлдеге ілікті. Сербияда бұрымды боксшылардың халықаралық турнирі аяқталды.

Қазақстан құрамасы барлық салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен еді. Нәтижесінде 5 бірдей жерлесіміз чемпион атанды.

Олар Арайлым Марат, Дина Жоламан, Владислава Кухта, Римма Волосенко және 81 келіге дейінгілер арасында сынға түскен Ләззат Күнгейбаева. Бұған қоса ұлттық құрама қоржынында 1 күміс пен 2 қола жүлде бар.

Айта кетейік, қазақстандық қыздар үшін бұл ұзақ үзілістен кейінгі алғашқы халықаралық жарыс. Ерік Алғабек баптайтын спортшылар қазір Олимпиада ойындарына кешенді дайындықты бастады. Жоспар бойынша бірнеше бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізу керек. Ал Олимпиада жолдамалары сарапқа салынатын басты бәсеке әлем чемпионаты маусым айында болады.