Алматыда жастар арасында бокстан ел біріншілігі басталды

Алматыда бокстан 2003 және 2004 жылы туған жастар арасында ел біріншілігі басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл сынға еліміздің барлық өңірінен 200-ге жуық үміткер келді. Әлемдік пандемияға байланысты жастарымыз өткен жылы шаршы алаңға шыға алмағаны белгілі. Бүгін 46, 49 және 52 келі салмақтағы былғары қолғап шеберлері алғашқы кездесулерін өткізді. Батыс Қазақстан облысынан келген Тілек Мақсатов жамбылдық Ерсұлтан Мұхитұлынан басым түсіп, келесі кезеңге жолдама алса, Ернар Қарап пен Иманғали Сақтағанов және Бекзат Әбдірахман мен Рамазан Нұрлыбаевтар алғашқы айналымнан сүрінбей өтті. Жарыс жеңімпаздары жексенбі күні анықталады. Ел чемпиондары спорт шебері атанып қана қоймай, ұлттық құрама сапына шақыртылады. 

Амалбек Тшанов, республикалық спорт колледжінің директоры:

– Барлық сақтық ережесін ұстай отырып, жаттығу жасап жатырмыз. Бізде 9-11-сыныптың балаларына, 1-курстың студенттеріне оқуға рұқсат берілді. Соған байланысты біз жаттығу жұмысын да қатар жүргізіп жатырмыз. Мұның өзі де олимпиаданың алдындағы жастардың дайындық жасауына өзіндік себебін тигізеді деген ойдамын.