Минск хоккейден әлем чемпионатын өткізу құқығынан айырылды

Халықаралық хоккей федерациясы Беларусьті әлем чемпионатын өткізу құқығынан айырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Басында бұл турнир екі елде – Латвия мен Беларусьте өткізілмекші болған. Бірақ Минскіде жаппай наразылық шараларына ұласқан президент сайлауынан кейін жарысты өткізу мәселесі өткір талқыға түсе бастады. Оның үстіне, Еуропадағы коронавирус жағдайы соңғы кездері қатты ушығып тұр, ал ресми Минск науқастар туралы нақты мәлімет бермей отыр. Беларустар бұл шешімді қалай қабылдады және хоккей ел үшін қаншалықты маңызды?

Хоккей Минск үшін тек қана спорт емес, сондай-ақ мемлекеттік сапа белгісін айқындайтын басты бренд болатын. Мұнда қатардағы әуесқойлар да, мемлекет басшылары да мұзайдынға шығуға әркез құлшынып тұрады. Сондықтан Беларусьті хоккейден әлем чемпионатын өткізу құқығынан айыру елдің беделіне зор нұқсан келтіруде. 2021 жылы хоккей астанасы болу мәртебесін Минск 2017 жылы Кельндегі 81-ші әлем чемпионатында иеленген болатын. Бұл шешімді бүкіл ел үлкен жетістік деп қабылдады. Билік осы жарысты өткізу арқылы еуропалық держава екенін дәлелдеуге білек сыбана кірісті. Бірақ былтыр елдегі жағдай күрт өзгерді. Президент сайлауындағы былық пен ереуілшілерді қудалаудан кейін көптеген еуропалық үкіметтер Минскінің меймандостығына күдікпен қарап, әлемдік брендтер демеушіліктен бас тартты. Лукашенко саясаткерлер мен Халықаралық хоккей федарациясының ұстанымын «мемлекетке жасалған қысым» деп қабылдады. Ақыры даулы мәселеге жақында Минскіге табан тіреген спорт комитетінің басшысы Рене Фазель нүкте қйды.

Александр Лукашенко, Беларусь президенті:

- Егер халықаралық хоккей федерациясы жекелеген елдердің жекелеген саяси ортасының қысымына жауап беруге қауқарсыз болса, онда Беларусьте әлем чемпионаты өтпейді деген сөз. Сен жақында «Спорт халықтарды бөлмей, керісінше біріктіріп, саясаттан тыс болуы тиіс» деп едің ғой, сол сөзбен келісемін.

Беларусьтің беделді хоккейшілері де спорт пен саясатты бөлек қарау керек деген пікірде. Халықаралық хоккей федерациясының да өз айтары бар. Яғни Минскіде спортшылар мен турнир қонақтарының бас амандығына қауіп төнуі мүмкін. Бұған басқа, аймақтағы коронавирустың ушығуынан туындаған қатер де күшейді. Беларусь билігінің індетке қатысты мәліметіне сенім жоғалған. Бұл да отқа май құя түсті.

Александр Опейкин, Спорттық ықпалдастық қоры директорының міндетін атқарушы:

- Саясат тұрғысынан алғанда, бұл соншалықты маңызды шешім емес. Ал спорттың әлемдік стандарттар тұрғысынан қарағанда бұл өте маңызды шешім. Себебі спортта да, адам құқықтарының сақталуына баса назар аударуы керек. Осы жағынан алғанда, бұл шешім жеңіске барабар. Бұл әлемдік қауымдастық үшін де жақсылық нышаны. Себебі спортта адами құндылықтар болуы тиіс.

Чемпионатты өткізбеу туралы шешімді саяси қарсылық қозғалысының көшбасшысы Светлана Тихановская «Демократияның ірі жеңісі» деп бағалады. Бұған дейін Беларусьтегі әлем чемпионатына барудан бас тартқан көптеген еуропа елдері мен спортшылар да қуанып жатыр. Әлемдік доданың қайда өтетіні әзірге белгісіз. Оны Халықаралық хоккей федерациясы жақында жария етуі тиіс.

Авторлары: Ернат Мелсұлы, Дмитрий Лукша

Сондай-ақ...