Алматы облысының паралимпиадашылары лицензиялық жарысқа дайындықты бастады

Жетісу атлеттері әлем кубогының кезеңдеріне қатысады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар карантин кезінде спорттық бабын жоғалтып алмау үшін үйлерінде үздіксіз жаттыққан. Қазір Талдықорғандағы спорт кешенінде жаттығуларын жалғастырып жатыр.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- Рио-де-Жанейрода өткен жазғы паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері Раушан Қойшыбаева Талдықорғандағы «Жастар» спорт сарайында жаттығып жүр. 23 жасында пойыз апатына ұшырап, жүруден қалған Раушанның пауэрлифтингке деген қызығушылығы Алматы облысына келін болып түскеннен кейінгі жылдары ояныпты. Ол тағдырдың жазуымен мүгедек арбасына таңылдым екен деп мойымай, жасанды аяқ салғызып, облыстық, республикалық жарыстарда топ жара бастайды. 2014 жылы Оңтүстік Кореяда өткен ХVII Азия ойындарында 6-орын алса, араға бір жыл салып Алматы қаласында ұйымдастырылған Азия біріншілігінде екі бірдей күміс медальдің иегері атанды. 2016 жылы Рио-де-Жанейродағы дүбірлі доданың көрігін қыздырды.

Раушан Қойшыбаева, Рио-де-Жанейродағы жазғы паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері:

- Олимпиадаға дейін менің өзімнің екі жарысым бар негізгі-негізгі. Әлем кубогы Тбилисиде, Грузияда мамыр айында өтеді. Ал маусым айында Дубайда өтетін екінші әлем кубогы. Міне, осы екеуінен лицензия алуға тырысуым керек. Ары қарай амандық болса, Құдай қаласа, жол Токиоға. Енді барымды салуға тырысамын.

Захар буймов, Әлем чемпионатының жүлдегері:

- Әрине, карантин жаттығуларымызға үлкен тежеу болды. Бірақ біз белгіленген кесте бойынша зілтемір көтеруді еш тоқтатпадық. Спорттық бабымызды жоғалтып алмау үшін әрқайсымыз өз үйімізде жаттықтық. Қазір әлем кубогының кезеңдері мен жаһан біріншілігіне және Бахрейнде өтетін Азия ойындарына қызу дайындалып жатырмын.

Ел біріншілігі мен халықаралық додаларда жоғары деңгейде өнер көрсетіп жүрген Алматы облысының садақшылары да қызу дайындық үстінде. Жетісу өңірінде барлығы 756 паралимпиадашы болса, соның 112-сі ұлттық құрама сапында.

Қайрат Сарқұлов, садақ атудан ҚР чемпионы:

- Бір-бір қалқаннан үйге алып кеттік те, үйде аттық екі ай ма, үш ай ма жазда. Алдымызда Дубай жарысы күтіп тұр «Фаза», ақпан айында деп отыр енді 20-21-і, соған дайындық жүріп жатыр. Содан кейін наурызда тағы да Қазақстан чемпионаты енді мына жабық форматта 18/25-ке, сол. Одан кейінгісін енді көре жатармыз.

Республика бойынша мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған 20-ға жуық спорт клубы жұмыс істесе, Елордада паралимпиадалық жаттығу орталығы іске қосылды. «Сондай кешендер әр облыс орталығынан ашылса жақсы болар еді», - дейді Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Раушан Қойшыбаева.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев