«Беерсхотты» бағындырған Вороговский

Қазақстан құрамасының ойыншысы Ян Вороговский – Еуропада доп тебетін санаулы жерлесіміздің бірі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір «Қайраттың» бұрынғы футболшысы Бельгия жоғары дивизионындағы «Беерсхот» командасының негізгі құрамында өнер көрсетеді.

Ян Вороговский Бельгияға 2019 жылы келді. 24 жастағы қазақстандық футболшыны «Беерсхот» «Қайраттан» 100 мың еуроға сатып алыпты. Жерлесіміз - қазір Бельгия командасының сол қапталдағы қорғаушы.

Ян Вороговский, «Беерсхот» ФК ойыншысы:

– Еуропадағы мықты чемпионатқа келу - бала күнгі арманым болатын. Содан осы мүмкіндік пайда болған бетте «Қайраттың» президенті мені түсініп, Бельгияға барып ойнауыма батасын берді. Сол үшін алғыс айтамын.

Қазақстан мен Бельгия футболында айырмашылық көп дейді футболшы. Жаттығудан бастап, ойындарына дейін өзгеше. Еуропада футбол алаңдары мен инфрақұрылым жақсы. Сонымен қатар мұнда білікті, деңгейі жоғары ойыншылар жетіп артылады. Мықты клубқа ауысуға мүмкіндік тағы бар. Ян бөтен елге тез үйренген. Бірақ қиындық та жоқ емес. 

Ян Вороговский, «Беерсхот» ФК ойыншысы:

– Бір ай бұрын барлық командамыз коронавируспен ауырып, 2 ойын кейінге шегерілді. Менің де 3 күн бойы температурам көтеріліп, 1 апта жеке дайындалып жүрдім. Енді қазір әр 3 күн сайын ойнап жүрміз. Жанкүйердің жоқтығы жанымызға батады. Жаттығуда жүрген сияқтымыз. Бірақ бұған да үйрендік, қазір мән бермейміз.

Қаңтардың басында британиялық спорт басылымы «Norwich City» футбол командасына сол қапталдың қорғаушысы керек деп жазып, 5 үміткерді таңдапты. Арасында Ян Вороговский бар. 

Ян Вороговский, «Беерсхот» ФК ойыншысы:

– Келісімшартымның мерзімі жазға, яғни осы маусымның соңына дейін созылады. Осында қалам ба әлде басқа клубқа ауысам ба - әзір білмеймін. Әйтеуір агентім жұмыс істеп жатыр.

Ян 2022 жылғы әлем чемпионатына іріктеу турнирде еліміздің құрамасы жақсы өнер көрсетеді деп сенеді.

Ян Вороговский, «Беерсхот» ФК ойыншысы:

– Еліміз үшін алаңда барымызды саламыз. Тәуір нәтижеге қол жеткіземіз деп үміттенемін. Жанкүйерлерімізді қуантқымыз келеді.

Ян жас спортшыларға арманыңнан ешқашан бас тартпа, өзіңе сеніп, таңдаған ісіңнің тарланы болуға тырыс деп кеңес береді.

Ернат Мелсұлы, Жанат Эрнст