Шымкентте коронавирусқа қарсы дәрілер қорына тексеру жүргізілді

Шымкентте «Самұрық Қазына-Фармация» қоймаларындағы коронавирусқа қарсы дәрілер қоры тексерілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Арнайы мониторингтік топқа кіретін қоғам белсенділері мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің мамандары тізімдегі барлық дәрі-дәрмекті ретімен санап, мұқият зерделеді. Дәл осы қоймадан тауарлар шаһардың ауруханаларынан бөлек, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстарына да таратылады. Қазір Шымкентте дәрілік заттардың 2 айлық қоры бар көрінеді. Арнайы мониторинг тобы препараттар мен шетелден келетін гуманитарлық көмектің халыққа жетуін қатаң бақылауда ұстайтынын жеткізді.

Талғат Серікбаев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

- Атап өту керек, екі айлық дәрілік қоры әзірленген. Жалпы сатып алынған дәрілердің суммасы 1 млрд 40 млн теңгені құрап отыр. Кезең-кезеңімен ауруханаларға қажетті болған жағдайда дәрі-дәрмектер жеткізіліп отыр. Дәрі-дәрмектердің қандай жағдайда екенін тексердік. Олардың мерзімдерін қалай сақталып жатқандығында тексеріп, бақылап отырмыз.