«Қайсар» футбол клубы сенімгерлік басқаруға берілді

Қызылорданың «Қайсар» футбол клубы 5 жылға сенімгерлік басқаруға берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекеттік реестр сайтына шығарылған кәсіпқой спорт клубы жарғылық капиталының 51%-тік үлесі қазіргі клуб директорының еншісіне көшті. Бұған дейін мемлекеттік мүлік туралы заң талабына сай аукцион жарияланып, тәуелсіз бағалаушылар клубтың базасы мен транспорттық құралдарын 104 миллион теңгеге бағалады. 50 жылдық тарихы бар футбол ұжымының бюджеті биыл екі есеге қысқарды. Негізінен жергілікті ойыншылардан жасақталған команда жуырда Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Бапкерлік құрам Қара теңіз жағалауында бірнеше легионерді сынақтан өткізуді жоспарлап отыр. Ал, өткен жылы жалақы дауына байланысты сотқа шағым түсірген екі шетелдік футболшыға қатысты нақты үкім ақпанның басында шығады.

Серік Досманбетов, «Қайсар» ФК директоры:

- Маркетингтік қадамның өзі Қазақстанда әлі дамымаған. «Қайсар» десе ішкен асын жерге төгетін азаматтар көп Қызылордада. Мен ойлаймын, солардан титулды демеуші табамыз. Футбол орталығы, U-21, «Байқоңыр» командалары да жетім қалмайды. Қалай жұмыс жасалса, солай жұмыс жасайды.