Диас Омаров туралы естелік кітап жарық көрді

Алматыда спорт журналистикасының майталманы, белгілі комментатор, «Қайрат» футбол клубының ардагері, марқұм Диас Омаров туралы естелік кітап таныстырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жинақта замандастары, балалары, әріптестері мен шәкірттерінің сағынышқа толы сырлары топтастырылған. Балалық қызығушылығын кәсіби спортпен ұштастырған Диас Ілиясұлы футболдан кейін спорт журналистикасына бет бұрады. Оның ойын қалтарысын қалт жібермейтін комментаторлық шеберлігі көрерменнің жадында. Диас Омаров – 1972 жылы Мюнхенде өткен Олимпиада ойындарынан әлемге хабар таратқан ең алғашқы қазақ. 80-жылы Мәскеуде өткен байрақты додада оның кәсіби шеберлігін одақтас елдердің журналистері де мойындаған. Диас Омаровтың шәкірттері өте көп. Ол Жоғары оқу орындарында комментаторлар мектебін ашуды армандаған еді. Алайда мақсатын іске асып үлгермеді. Еске алу кеші «Қайрат» клубының әр кездегі ардагерлері мен журналистер құрама командасы арасындағы футбол ойынына ұласты.

Рабат Жәнібеков, ардагер спорт комментаторы:

– Мен 1962 жылы бірінші рет Диас Омаровты стадионда футбол алаңында көрдім. Арменияның Ереванның спартак деген командасымен Қайрат ойнап, одан Қайрат 1 таймның аяғында бір гол доп жіберіп алып, көпке дейін ойын теңестіре алмады. Диас арада бес минут өктенен кейін «Спартактың» қақпасына доп салып, ойынды теңестіріп, «Қайратты» жеңілістен алып қалған. Мен комментаторлық жолымда өзім 32 жыл репортаж жүргіздім. Соның 30 жылдайын Диас Омаровпен бірге жүргіздім.