WBA рейтингі: Айдос Ербосынұлы боксшылардың көшін бастады

Александр Недовесов халықаралық теннис турнирінде топ жарды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Түркияның Анталия қаласында АТР сериясындағы жарыс өткен еді. Қазақстандық спортшы украиналық Денис Молчановпен бірге жұптық бәсекеде жеңімпаз атанды.

ҚҰРЛЫҚТЫҚ ХОККЕЙ ЛИГАСЫ

«Барыс» басты бәсекелесіне есе жіберді. Елордалық клуб құрлықтық лига аясында «Автомобилист» клубымен жолыққан. Нұр-Сұлтан қаласында өткен матч 2:3 есебімен аяқталды. Шешуші гол соңғы минуттарда соғылды. Яғни, 58-ші минутқа дейін тең нәтиже тіркеліп тұрған және ойын тағдыры қосымша уақытта шешілетіндей көрінген. Бірақ Дмитрий Жукеновтың шайбасы қонақтарға жеңіс әкелді. Осылайша, Екатеринбург қаласының хоккейшілері 61 ұпай жинап, Шығыс конференциясының 5-ші сатысына көтерілді. Ал «Барыс» 60 ұпаймен 8-орында тұр. Қазақстандық клуб кезекті кездесуін сырт алаңда өткізеді. Қарсыласы – «Металлург»  командасы.

ХОККЕЙДЕН ҚАЗАҚСТАН КУБОГЫ

Қазақстан Кубогын сарапқа салатын қос команда белгілі болды. Хоккейден еліміздегі басты бәсекелердің бірі жалғасып жатыр. Жарыстың кезекті күні жартылай финалдық кездесулер өтті. «Торпедо» мен «Алматы» арасындағы матч алғашқысының жеңісімен аяқталды. Қорытынды есеп: 3:2. Финалдың тағы бір жолдамасын көкшетаулық «Арлан» мен қарағандылық «Сарыарқа» сарапқа салды. Қарағанды қаласында өткен матч 1:3 есебімен аяқталды. Енді «Торпедо» мен «Сарыарқа» шешуші кездесу өткізеді. Матч бүгін елорда уақытымен 16:00-де басталады.

Айта кетейік, қос командада да ішкі біріншіліктерге биыл араласа бастады. Оған дейін халықаралық лигада өтер көрсеткен. Ал дәл осы кубок былтыр өскемендік «Алтай» командасына бұйырды.

WBA ЖАҢАРТЫЛҒАН РЕЙТИНГІ

Айдос Ербосынұлы боксшылардың көшін бастады. Бүкіләлемдік бокс қауымдастығы жаңартылған рейтингті жариялады. Оған сәйкес қазақстандық спортшылардың орындары айтарлықтай өзгерген. Мәселен, WBA International белдігінің иегері Айдос Ербосынұлы екінші орта салмақтың ең жоғарғы сатысына көтерілді. Ал Бейбіт Шүменов тізімнен шығып қалды. Ауыр салмақта өнер көрсететін жерлесіміз жуырда жоспарлы жекпе-жекке қатыспай, чемпиондық белдігінен айырылған болатын. Бұған қоса, қазақстандық Серік Мұсадилов 15-ші, Батыр Жүкембаев өз салмағында 14-ші сатыға жайғасты.