Футзалдан Қазақстан құрамасының қақпашысы бесінші мәрте әлемнің үздігі атанды

Үлкен футболда Месси мен Роналду жүлдені кезек бөлісіп жүрсе, футзалда Игита теңдессіз, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жігіт Леонардо Де Мело Виейра Лейте десек, талайлар түсінбей қалуы мүмкін. Ал Игита десек ол «Қайраттың» қақпашысы екенін 5 жасар бала да біледі. Игита – оның лақап аты. Қаршадай ғана Леонардоның ойын үлгісі ғана емес, түр-түсі де Колумбия құрамасының қақпашысы Рене Игитаға қатты ұқсағандықтан, достары Игита деп атап кеткен. Сол бала Игита қазір аты әлемге әйгілі дара Игита болды. Futsalplanet.com ресми сайтының сауалнамасы бойынша ол футзалдан бесінші рет әлемнің үздік қақпашысы атанып отыр.

Леонардо Де Мело Виейра Лейте, әлемнің үздік қақпашысы:

– Осы атақты ең алғаш рет және төртінші рет алғанда қатты қуандым. Өйткені үздік қақпашы болу бала кездегі арманым еді. Сондықтан 2015 жылы қуанышымда шек болған жоқ. Ал өткен жылы қуанған себебім – әлемдік рекордты жаңарттым. Ал осы жылы керемет қуандым деп айта алмаймын. Дегенмен еңбегім еленіп жатқанына әрине ризамын. Ең бірінші кезекте жеке басымның үздік атанғаны емес командамның биіктен көрінгенін қалаймын. 

Игитаның рекордын үш рет үздік қақпашы атанған италиялық Стефано Маммарела ғана өзгертуі мүмкін демесеңіз, өзгелерге қиындау болады. Айта кетейік, биылғы үміткерлер қатарында Португалияның «Спортинг» командасында ойнайтын Тьяго Рошамен Испанияның «Интер Мовистар» қақпасын күзететін Хесус Паррондар болған. Осылардың ішінен 603 ұпай жинаған Игита қарсыластарынан қара үзіп кетті. 

Біз Қайраттың жаттығу базасына келдік. Осында әлемнің 5 дүркін үздік қақпашысы Игитамен сұхбаттасуға мүмкіндік алдық. Сұхтаттан кейін 6 метрлік айып добын теуіп көрейік дедік әлемнің үздік қақпашысына. Игита айтады үш соққы жасайсың. Соның біреуін ғана жіберемін. Қалғанын екеуін жібермеймін дейді. Футбол десе ішер асымызды жерге қоямыз ғой өзіміз де. Сондықтан көрейік. Әлемнің үздік қақпашысына гол соғу әркімге арман ғой.

10 жыл бойы «Қайраттың» ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген Леонардо алматылық клубпен біраз белесті бағындырды. Азаматтық алып Қазақстан ұлттық құрамасының да биіктен көрінуіне үлесін қосты.Тек қолмен емес аяқпен де жақсы ойнайтын Игита биыл «Қайратпен» чемпиондар лигасында топ жарып, ұлттық құрамамен Еуропа біріншілігінде олжалы болсам дейді.

Жандос Айтбайұлы, Мұхит Құдықбаев