Елордада дзюдо орталығы ашылды

Елордада спорттық инфрақұрылымдар қатары артты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қаланың қақ төрінен дзюдо орталығы ашылды. Оның негізгі залы 410, ал жалпы аумағы 720 шаршы метрді құрайды. Сәйкесінше, бір мезетте 100 адам жапон жекпе-жегін меңгере алады. Орталық оның ашылу салтанатына құзырлы министрлік пен республикалық федерация басшылығы қатысты. Айтуларынша, бұл үлкен көштің басы ғана. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында осындай тағы бірқатар орталықты ашу көзделіп отыр. Әсіресе, өңірлерді, оның ішінде облыс орталығынан шалғай жатқан елді мекендерді қамтуға басымдық беріледі.

Сәкен Мұсайбеков, ҚР Мәдениет және спорт министрінің орынбасары:

- Бұқаралық спортты дамытуға қатысты заң қабылдадық және ол биылдан бастап күшіне енді. Бұған қоса, Елбасының 100 спорттық-сауықтыру кешен салуға қатысты тапсырмасы бар. Оны 2022 жылға дейін аяқтауымыз керек. Міне, осы жәіне өзге де бастамалар елдегі бұқаралық спорттың дамуына дүмпу әкеледі деген үміттеміз. Бұқаралық спортымыз мықты болса, кәсіпқой спортшыларымыз да мықты болады.