World Taekwondo 2021 жылғы әлем біріншілігі өтетін нақты мерзімді жариялады

Халықаралық таеквондо федерациясы (World Taekwondo) 2021 жылғы маусымға оралу мақсатында кезекті рет видеоконференция өткізді, деп жазады Olympic.kz. 

Атап айтар болсақ, онлайн жиында алдағы Олимпиада және Паралимпиада ойындары мен әлем чемпионатына дайындық барысы талқыланды. 

Бүкіләлемдік федерация Еуропа мен Азиядағы спортшылар үшін Токио олимпиадасына іріктеу турнирін мамыр айына дейін өткізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ кездесу барысында әлем чемпионаты өтетін мерзім анықталды. Таеквондодан биылғы әлем чемпионаты 12-18 қазан күндері Қытайдың Уси қаласында өтеді. 

WT кеңесінің отырысы 10 қазанға, Бас ассамблея мен әлем біріншілігінің ашылуы 11 қазанға жоспарланған. 

«Жарыстарға қайта оралу – Бүкіләлемдік таеквондо федерациясының алға қойған басты міндеттерінің бірі. Бұл – біздің спортымызды одан әрі дамыту үшін спортшыларға да, жанкүйерлерге де керек қадам. Алайда біз спорттық іс-шараларды өткізер кезде ДДСҰ мамандарының ұсыныстарын қолдай отырып, барлық санитарлық қауіпсіздік нормаларын сақтауымыз қажет», – дейді Бүкіләлемдік таеквондо федерациясының президенті Чунгвон Чо. 

2021 жылғы маусымда таеквондодан жалпы есебі 72 турнир өткізу көзделуде.