Елордалық спорт мектебінің тәрбиеленушілері шаңғы базасынсыз қалуы мүмкін

Елордалық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері шаңғы базасынсыз қалуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жас спортшылар үшін әлі күнге дейін шаңғы тебетін орын да жоқ. «Дәулет» теннис кешені 10 жылдан бері спортшыларға арнайы алаң беріп келді. Бірақ алдағы көктемде келісім аяқталады. Ал жас спортшылардың ата-аналары мәселе шешімін таппаса. балалары спорттан қол үзіп қала ма деп алаңдайды.

Гүлзия Нақыпқызы, тілші:

- Бұл – елордалық №2 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің спортшылары. Шаңғы тебетін жас буынның арасында чемпиондар да жоқ емес. Спортқа жаны құштар өрендер көп. Тек олар дайындалатын шаңғы базасы мен арнайы орындар жоқтың қасы.

Шырын Амрина, ата-ана:

- Біздің балалар шаңғы тебумен айналысады. Бірақ елордада база жоқ. Осы қиын болып тұр. Әсіресе, 20 наурыздан бастап «Дәулет» спорт кешенінен бізді шығарайын деп жатыр. Бұл балалар үшін өте қиын. Елордамыз Нұр-Сұлтанда әлі шаңғы базасы жоқ. Осыған әкімшілік назар аударса дейміз.

Иә, бұл мәселе әкімдіктің де қаперінде. Тек олар инвестор іздеп әлек болмайтын секілді. Себебі жұмыста ілгерілеу жоқ. Инвесторды спорт мектебі өздері табуға тиіс деп отыр. 

Гүлнәз Оразалина, қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы жоғары жетістіктегі спорт бөлімінің басшысы:

- Спорт мектебінің тәрбиеленушілері шаңғы базасынсыз қалмайды. Ата-аналардың алаңдауы, әрине, дұрыс. Дегенмен, спорт басқармасы бұл мәселе аяқсыз қалмауын қадағалайды. Қазіргі таңда сол жерде спортшылардың әлі де қалуын ұйымдастыруға тырысамыз. Немесе басқа да мүмкіндіктер іздеп көреміз. Аудандық әкімдіктермен тығыз жұмыс жүріп жатыр. Әр жерге арнайы контейнерлер қоюды қарастырамыз.

Гүлзия Нақыпқызы, тілш:

- Бас қалада шаңғы тебушілерге арнайы орын жоқтың қасы. Олар киініп-шешінетін орын да жоқ. Оған дәлел мына тұрған екі орын.

Осы суық контейнерде спортшылар киім ауыстыруға мәжбүр. Бас қаладағы жастарға жасалған жағдай осы. Ал елордада шаңғы спортымен екі жүзге жуық бала айналысады. «Ынтасы барлар бұдан да көп болуы мүмкін», - дейді жаттықтырушылар. Тек орын жоқ. Адам сыймайды. «Мәселе тек бір базада ғана болып тұр», - дейді спортшылар.

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы, Ержан Рахманбердиев