Әлем кубогы: Галышева мен Рейхерд жүлделі орыннан тыс қалды

Фристайл-могулдан АҚШ-та өтіп жатқан әлем кубогы кезеңінде ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей сын жеңімпаздары анықталды.

Әйелдер арасында Юлия Галышева үздік бестікке енді, деп жазады Olympic.kz. 

Қазақстандық спортшы алғашқы финалдық кезеңде 78,90 ұпай жинап, ақтық сынға өткен алты спортшының қатарына енген болатын. Ал ең басты финалда Галышева секіру элементтерінің бірінен қате жіберіп, 77.31 ұпаймен бесінші орынға тұрақтады.

Әйелдер арасындағы сында франциялық Перрин Лаффон топ жарды. Оның еншісінде 83,23 ұпай бар. Екінші және үшінші орындарды жапониялық спортшылар Анри Кавамуро (80,94) мен Кисара Сумиоши (79,55) иеленген.

Өкінішке қарай, қазақстандық Дмитрий Рейхерд те жүлдесіз қалды. Ерлер арасындағы ең басты финалға жолдама алған Рейхерд шешуші сәтте қателікке бой алдырып, 74,19 ұпаймен алтыншы орын иеленді. Тағы бір қазақстандық спортшы Павел Колмаков тоғызыншы сатыда.

Бұл бәсекеде канадалық Микаэль Кингсбери (88,10) жеңіске жетті. Екінші орында франциялық Бенджамен Кавэ (86,25), үшінші сатыда австралиялық Мэт Грэм (84,44).