Ақтаулық оқушы Гиннесстің рекордтар кітабына енуді армандайды

Ақтаулық «буынсыз бала» Азамат Нұрқожа өз есімінің Гиннес рекордтар кітабына енуін армандайды. 13 жастағы жеткіншек №8 орта мектепте оқиды. Азамат 3 жасында денесін түрлі бағытта иіп, аяғын мойнына асып жүруді үйренген. Ерекше қабілеті үшін отандық режиссерлерден киноға түсуге шақырту алған. 

Оқушы Азамат кәсіби гимнастшылар жасайтын жаттығуларды еркін орындайды.

Анасының айтуынша, сәби шағынан қол-аяғы бұралып ұйықтайтын перзентін бастапқыда дәрігерге қаратуды ойлаған. Кейін айрықша қабілеті барын түсініп, спорт үйірмесіне беріпті. Қазір «Ютуб» арналарын бірге қарап, танымал трюктерді үй жағдайында және теңіз жағалауында қайталатып жүр.

Жанна Байбозова, Азаматтың анасы:

- Үйде дайындаған кезде мен де спорттық үлгіде киінемін. Екеуміз бірге жаттығамыз. Кішкентай кезінде бесіктен шыққаннан кейін аяғын бауырына жинап алатын. Кейін 3 жасында балабақшаға барып жүрген уақытта шпагатқа еркін отырды. 7 жасқа келген уақытта «Маңғыстау» телеарнасынан «Баланың бәрі талантты» атты конкурс болды. Соған қатысып, алғыс хат алды. Көп адам түсірілімнен кейін сұрап жатты ауырмай ма деп. Сол мақсатта біз Азаматтың өнері үйде қалып қоймас үшін конкурстарға қатыстық. 

Ақтаулық өрен мектеп бітірген соң қазақстандық рекордтар кітабына екі мәрте есімі енген цирк өнерінің хас шебері, акробат Айдос Тоқтарбаевтың ізін жалғастыруды қалайды. «Жігітке жеті өнердің аздығын» да ерте жастан түсініп, домбыра тартуды үйреніп жүр. Қазір Абыл Тарақұлы атындағы өнер мектебінде балалар оркестрінің мүшесі.

Азамат Нұрқожа, оқушы:

- Оркестр мүшесі ретінде де жүре беріп, үлкен жетістіктерге жеткім келеді. Айдос Тоқтарбаевтың трюктерін қайталап, істеп көрдім. Кейбір трюктері қиын болды, кейбіреуі оңай болды. Сол сияқты түрлі конкурстарға шығып, жоғары биіктерде жүргім келеді. Гиннесстің рекордына енген адам. Конкурстарға шығуды бастадым. 

Күйші әрі «буынсыз бала» Азаматтың қолы жеткен жүлде қоры қомақты. Ол 2 жыл бұрын республикалық «Қазақстан таланттары» байқауында дипломант атанды. Содан кейін халықаралық «Бала шабыты» байқауында «Аспапта ойнау өнері» номинациясы бойынша жүлделі II-орынды иеленіп, «Звезда удачи» атты жаһандық сайыста 1-дәрежелі дипломмен марапатталды. 

Авторлар: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев