Токио Олимпиадасына қатысатындар төрт күнде бір ПТР тест тапсырады

Токио Олимпиадасына қатысатын спортшылар төрт күнде бір рет коронавирусқа тест тапсыруы қажет. Бұл туралы Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) атлеттерге арналған ережесінде жазылған. 

ПТР тестілеудің жиілігі спорт түрі мен жарыс кестесіне байланысты болмақ. Тексеру Олимпиада немесе Паралимпиада ауылындағы арнайы зертханаларда жүргізіледі. Егер спортшы бұл аймақтарда тұрмайтын болса, ол арнайы транспорт көмегіне жүгінуі тиіс.

ПТР тест нәтижелерін смартфондағы арнайы қосымшалар арқылы бақылауға мүмкіндік бар. 

Егер коронавиус жұқтырған жағдайда бұл ақпарат басқа мобильдік қосымша арқылы таралып, спортшыларға алдағы қауіп туралы ескертіледі. Бұл қосымша Жапонияда былтырдан бері қолданылады және Токио Олимпиадасына қатысушылар үшін пайдалануға міндетті саналады. 

Айта кетелік, жазғы Олимпиада ойындары Жапония астанасында 23 шілде мен 8 тамыз аралығында өтеді.