Елордадағы жаңа жеңіл атлетика кешенінде ашық чемпионат өтеді

Нұр-Сұлтан қаласындағы «QAZAQSTAN» жаңа жеңіл атлетика кешенінде жеңіл атлетикадан «Nur-Sultan Open-2021» ашық чемпионаты өтеді, деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

12-13 ақпанда аталмыш спорт кешенінде жасы үлкен және жасы кіші жасөспірімдер арасында жеңіл атлетикадан «Nur-Sultan Open-2021» ашық чемпионатының жалауы желбірейді. Іс-шараның салтанатты ашылуы 12 ақпан күні сағат 12:00-де өтеді.

Бұл чемпионат жаңа кешен қабырғасындағы алғашқы спорттық іс-шара болмақ. Жарысқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен 170-тен астам спортшы қатысады.

Айта кетейік, жаңа кешен өткен жылдың қараша айында ашылған болатын. Ол халықаралық талаптардың бәріне сәйкес келеді және World Athletics сертификатын алған. Заманауи жоғары технологиялармен жабдықталған база спортшылардың республикалық және халықаралық жарыстарға, әлем чемпионаты мен жазғы олимпиада ойындарына дайындалуына мүмкіндік береді.