Конькиші Н.Морозова әлем чемпионатында үздік ондық қатарына енуге жақын

Надежда Морозова ондыққа жақындады. Дәл қазір Нидерландының Херневен қаласында коньки жарысынан әлем чемпионаты өтіп жатыр.

Жарыстың алғашқы күні әйелдер 3000 метрлік бәсекеге қатысқан. Нәтижесінде қазақстандық Надежда Морозова 11-сатыға тұрақтады. Ол аталған аралықты 4 минут 6,738 секунда жүріп өтіп, өзінің жеке рекордын жаңартты. Бұл сында жергілікті Антонетта Де Йонг топ жарды. Күміс жүлде чехиялық, қола жүлде тағы бір нидерландылық спортшыға бұйырды. Ал ерлер арасындағы жарысқа еліміз атынан Виталий Щиголев қатысқан еді. Ол 5 шақырымды 6 минут 29 секундта бағындырып, жалпы есепте 18-орын алды. Алыс қашықтықтағы бәсекеде швециялық Нильс ван дер Пул жеңімпаз атанды. 

Ұзақ үзілістен кейін күрестен де халықаралық жарыстар жандана бастады. Мәселен, наурыздың 2-сі мен 6-сы аралығында классиктер Италияда бас қосады. Халықаралық турнирге ұлттық құрама мүшелері де қатысады. Олимпиадалық комитет жариялаған тізімде 17 спортшы бар. Олар қазір дайындықты пысықтап жатыр. Римдегі жарыс нәтижесінде рейтингтік ұпайлар беріледі. Ал лицензиялық бәсекелер сәуірде Алматы және мамырда София қаласында болады. Әсіресе алғашқысын асыға күтеміз. Жігіттер 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы әлем чемпионатында кеткен есені, Алматыдағы Азия чемпионатында қайтарып, алдағы Олимпиадаға барлық салмақ бойынша қатысады деген үміт бар.