Шорт-тректегі жаңа есімдер

Өскеменде ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған спорттық жарыстар өткізіле бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Пандемияға байланысты үзілістен кейін облыс орталығында шорт-тректен Қазақстан біріншілігі қайтадан өз жалауын көтерді. 9-13 жас аралығындағы балалар арасындағы жарыста санитарлық талаптарға аса мән берілген.

Қазақстандық жас шорт-трекшілердің өзара сынға түспегеніне тура бір жыл болыпты. Соңғы жарыс былтыр дәл ақпан айы осы Өскеменде өткен болатын. Мұнда барлық жағдай жасалған. Дүбірлі жарысты әбден сағынған балалардың қуанышы ерек.

Бірақ бұл толық құрам емес, Санитарлық дәрігерлердің 100 спортшыдан аспасын деген талабы бар. Сондықтан былтырғыға қарағанда қатысушылар саны 4 есе кем.

Игорь Кутовой, ҚР чемпионатының бас төрешісі:

- Біздің қала бойынша алсақ, мұз айдыны сарайында 110 бала шорт-трекпен айналысады. Бұрын бұлай болған емес. Және жыл сайын артып келеді. Пандемияның кесірінен шектеуге мәжбүрміз. Әйтпегенде біздің қаланың өзінен жүз бала шығар еді. Сол себепті тек үздіктерін жарыс жолына шығарды. Көрермендер орыны бос, қастарында тек бапкерлер ғана.

Командалар арасында Қостанай облысы басқалардан оқ бойы озық. Екі мың метрлік эстафетада Тобыл өңірінің ұлдары да, қыздары да үздік нәтиже көрсетті. София Симакова жекелей сайыста алтыннан алқа тақты. Енді ол командаластарына ақыл-кеңесін айтып жүр.

София тағы да мәре сызығын бірінші болып қиды. Дайындығы сай екендігі көрініп тұр.

София Симакова, шорт-тректен Қазақстан чемпионы:

- Біз аптасына бір-екі күн демаламыз. Қалған күндері мұз үстіндеміз. Бұлшық етті қатайту үшін зілтемір көтереміз. Бірден екпін алып, айналымдарда аяғың нық болу үшін бұл өте маңызды. 

Содан кейін барып қана конькимен жаттығу жасалады.

Бапкерлер өз тәрбиеленушілерінің жеңісіне қуанышты.  

Игорь Коробейников, шорт-тректен жаттықтырушы /Қостанай облысы/

- Мұның бәрі тынбай жаттығудың, зор еңбектің арқасында келеді. Әрине сәттілікте қажет. Мысалы, ұлдардың сәл жолы болды. Ал қыздардың алтын алатыны күмәнсіз еді. Олар мықты екендерін тағы бір дәлелдеді.

Ұйымдастырушылар спортшылардың деңгейі жоғары екендігін атап өтті. Бұған дейін осы жас шамасындағы шорт-трекшілер бағындыра алмаған рекордтар осы жарыста жаңартылған. Бұл спорт түрі елімізде кең қанат жайып келеді. Әлемдік додаларда топ жарған отандастарымыз да аз емес. 

Мағауия Қалиев Анель Есенбердина, Жигер Бабаканов