419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елімізде жеңіл атлетика жарыстары жанданды

  • 188
  • UPD: 10:03, 15.02.2021
Елімізде жеңіл атлетика жарыстары жанданды

АҚШ-тың Юта штатында фристайл-акробатика шеберлерінің бәсекесі өткен. Қазақстандық Жанбота Алдабергенова мен Шерзод Хаширбаев алтын жүлдегер атанды. Қыздар арасындағы сында Жанбота 85,68 ұпай жинап, қарсыластарынан оқ бойы озып кетті. Екінші орынды американдық, үшінші орынды канадалық акробаттар алды. Ал ел намысын қорғаған басқа спортшылар Ақмаржан Қалмұрзаева мен Аяна Жолдас сәйкесінше алтыншы және жетінші сатыларға тұрақтады. Ерлер арасында қазақстандық Шерзод Хаширбаев қарсылас шақ келтірмеді. Бұнда да үздік үштікті Канада мен АҚШ өкілдері түйіндеді.
Қазақстандық спортшылар алдыңғы ондықтан көрінді.

Нидерландтың Херенвен қаласында коньки жарысынан әлем чемпионаты жалғасып жатыр. Жарыстың кезекті күні қысқа және орта қашықтықтағы бәсекелер өтті. Мәселен, мың метрлік сында ел намысын Екатирина Аидова қорғаған. Ол жалпы есепте 10-шы орынға тұрақтады. Ал 1500 метрлік бәсекеде Айдова 8-ші нәтижені тіркеді. Тағы бір қазақстандық Надежда Морозова жалпы есепте 10-шы көрсеткішке ие болды. Ерлер арасында 1000 метрлік жарысқа үш қазақстандық спортшы қатысты. Ең тәуір көрсеткіш Артур Галиевте. Ол 19-шы орында. Роман Креч пен Демьян Гаврилов, сәйкеснше, 22-ші және 23-ші сатыларға жайғасты.

Қазақстанда жеңіл атлетика жарыстары жанданды. Өткен демалыста Өскемен ересектер арасындағы ел кубогы мен жасөспірімдер арасындағы ел чемпионатын қабылдады. Ал елордада қаланың ашық чемпионаты өтті. Оған Ақмола, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарынан 200-ге жуық спортшы жиналды. Бас-аяғы 10 медаль жиынтығы сарапқа салынды.

Айта кету керек, Нұр-Сұлтан қаласындағы дода су жаңа жеңіл атлетика манежінде өтті. Ал халықаралық жарыстар сәуір мен мамыр айларында болады. Әсіресе лицензиялық бәсекелерге ерекше дайындалып жатырмыз дейді ұлттық құраманың бас бапкері Дмитрий Карпов. Жеңіл атлетика бойынша қазір 3 олимпиадалық жолдамамыз бар. Токиодағы байрақты бәсекеге дейін оның санын 10-ға жеткізу жоспарланып отыр.

Хабар 24 телеарнасы