UWW президенті AIBA басшысымен кездесуден бас тартты

Ақпарат құралдарының хабарлауынша, Біріккен күрес әлемінің (UWW) басшысы әрі ХОК мүшесі Ненад Лалович Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығының президенті Умар Кремлевтің AIBA-ның олимпиадалық мәртебесін қалпына келтіру мәселесін талқылау туралы өтінішінен бас тартты, деп жазады Prosports.kz.

Айта кетерлігі, Ненад Лалович Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығындағы жағдайды тергеу жөніндегі ХОК арнайы комитетін басқарады. 2019 жылы мамырда AIBA Халықаралық Олимпиада комитетінің мүшелігінен айырылды. Бокс ұйымы сыбайлас жемқорлық, әділ төрешілік жасамау және реформаның жоқтығына айыпталды. Алайда, сарапшылар AIBA-ны олимпиадалық статусынан айыруға басты себеп, осы ұйымның бұрынғы басшысы - АҚШ-та трансатлантикалық қылмыстық құрылымдарға қатысы бар деп саналатын өзбек кәсіпкері Гафур Рахимовпен байланысты деп есептейді.

Гафур Рахимов 2018 жылдың қарашасында Мәскеуде өткен AIBA конгресінде Федерация президенті болып сайланды. Ол сайлауда жалғыз қарсыласы - Азия бокс конфедерациясының басшысы Серік Қонақбаевты жеңді. Бірақ 2019 жылдың наурызында ХОК боксты 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындарының бағдарламасынан шығарамыз деп қысым жасауына байланысты ол отставкаға кетуге мәжбүр болды.

Өткен жылдың желтоқсан айында Ресей бокс федерациясының бас хатшысы Умар Кремлев AIBA-ның жаңа президенті болып сайланды. Жаңа әкімшіліктің міндеті - AIBA-ны ХОК қатарына қайтару. Алайда Лаловичтің айтуынша, бокс ұйымының олимпиадалық мәртебесін қайтару мәселесін талқылауға әлі ерте.

ХОК-тың пікірінше, AIBA-ның қазіргі басқару органдарында бұрынғы басшының қарамағында жұмыс істеген адамдар әлі қызмет атқарып жатыр. Соның бірі Кремлевтің өзі. Сондай-ақ, бокс кездесулерінде ұпай есептеу бойынша шешілмеген проблемалар әлі бар. Сонымен қатар, Лалович AIBA-ның ХОК алдындағы 16 миллион доллар қарызын да еске салып отыр.

Айта кетейік, Токиодағы бокс турнирі AIBA-ның қатысуынсыз өтеді. Барлық ұйымдастырушылық мәселелерді ХОК бастамасымен құрылған бокс жөніндегі жұмыс тобы шешеді. Жарысқа 286 боксшы қатысады (186 ер және 100 әйел боксшы). Олар 13 салмақ дәрежесі бойынша Олимпиада жүлделерін сарапқа салады.

Сондай-ақ...