417,02 504.70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елордада әуесқойлар арасында қысқы триатлоннан біріншілік өтті

  • 25
  • UPD: 17:23, 22.02.2021

Қайырымдылық мақсатты ту еткен жарысқа 18 жастан асқан азаматтар қатысты. Ал тіркеу жарналарынан жиналған 1 млн теңге мүмкіндігі шектеулі балалардың еміне және оларға қажет әлеуметтік жобаларға жұмсалады. 

Алпысты алқымдаған Талапнұр Байзақ елімізде өтетін бұқаралық спорт жарыстарының ешбірін қалдырмауға тырысады. Ауыл шаруашылығы министрлігінде қызмет ететін ардагер маман бүгін елордада өткен қысқы триатлонды да қалт жібермеді.

Талапнұр Байзақ, қысқы триатлонға қатысушы:

- Өмір бойы спортпен шұғылданып жүрмін. Әр уақытта өтетін додалардың бәріне қатысып жүрмін. Осымен үшінші рет. Осы қысқы триатлонға қатысып жатырмын. Жазды күні өтетін триатлонға да қатысамын. Бәрі ойдағыдай. Сол дайындықпен келдік. Бүгінгі триатлонның өтуіне қуаныштымыз. Өйткені пандемияға қарсы көптеген спорттық шаралар өткізілмей жатыр.

Үш сайыстан тұратын спорттық додаға 170-тен астам азамат әр жас санаты бойынша қатысты. Бірінші кезеңде қатысушылар 2 шақырымға супер-спринт жүгірсе, екінші айналымда велосипедке отырды. 3 шақырым жолды өткерген соң, қалған 2,5 шақырымды шаңғымен жүріп өтті. Жеңіс тұғырынан көрінгендер 23-25 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласының триатлон федерациясында марапатталады.  

Серік Сәпиев, ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы:

- Әрине Президент тапсырмасымен бұқаралық спортқа көңіл бөліну керек. Сондықтан осындай шаралар ұйымдастырылады. Мен баршаңызды осындай спорттық шараларға, спортқа шақырамын. Бұл әрине өте пайдалы. Себебі таза ауада жүгіреді. Велошеру бар, шаңғы тебеді.

Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған біріншілік қайырымдылық сипатқа ие. Әуесқой спортшылардың жарысқа қатысуы үшін аударған жарналары «Тең мүмкіндіктер әлемі» қайырымдылық қорына аударылды.

Айта кеткен жөн, игі шара Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай өткізілді. 

Авторлар: Мирлан Алтынбек, Асхат Қарақойшиев

Хабар 24 телеарнасы