Дзюдодан жастар арасындағы әлем чемпионаты Италияда болады

Елордада біріктірілген форматтағы жаттығу жиыны өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Яғни мұнда Маңғыстау, Атырау, Ақмола өңірлерінің ең үздік дзюдошылары жиналып, жергілікті спортшылармен шеберлік шыңдауда. Мұндай жаттығу жиынының маңызы ерекше дейді аға жаттықтырушы Мейірлан Баймаханбетов. Өйткені жастар жылдан аса уақыт ешқандай жарысқа қатыспады. Ең жақын бәсеке наурыздың соңында өтеді. Биылғы жастар ойынын Орал қаласы қабылдайды. Одан кейін тағы бірқатар ішкі біріншілік бар. Үздік атанғандар халықаралық және құрлықтық додаларға барады. Ал жылдың басты бәсекесі жастар арасындағы әлем чемпионаты күзде Италияда болады.

Мейірлан Баймаханбетов, Нұр-Сұлтан қаласы құрамасының аға жаттықтырушысы:

- Бірінші аптада басқа қалалардан келген спортшыларда адаптация болды. Далада жүгірді. Астананың ауа райына үйреністі. Екінші аптамыз басталды. Басты жоспар – спортшылар бір-бірімен көбірек күресіп, тәжірибе алмасып, чемпионатқа жақсы дайындықпен бару.