Алматыда қазіргі бессайыстан қысқы чемпионат басталды

Алматыда қазіргі бессайыс бойынша ашық қысқы чемпионат басталды. Бес күнге жоспарланған жарыста балалар мен ересектер жас шамасы бойынша бәсекеге түседі.

Алғашқы күні спортшылар семсерлесіп, сонымен бірге суда жүзуден жарысты. Алдағы күндері жүгіру, нысана ату және атпен кедергілерден секіру сынды жалпы 5 спорт түрінен үздіктерді анықтайды. Республикалық чемпионатқа елдің 7 облысынан 160-қа жуық спортшы жолдама алған. Республикалық жарыста топ жарған спортшылар Әлем кубогінің іріктеу кезеңінде бақ сынайды. Тіпті Олимпиадаға жолдама алу мүмкіндігі бар. Қазірдің өзінде аталған спорт түрінен екі спортшымыз да Токио Олимпиадасының жолдамасы бар. Олар Павел Ильяшенко және Елена Потапенко. 

Леонид Зимарев, ҚР қазіргі бессайыс құрамасының бас бапкері:

- Қазір біздің құрама халықаралық жарыстарға дайындалуда. 24 наурызда Венгрияда Әлем кубогының алғашқы кезеңі басталады. Одан кейін Болгарияда кезекті іріктеу болады. Мамырдың ортасында Әлем кубогінің ақтық кезеңі өтеді. Бұл жарыстардың барлығында Олимпиадаға лицензиялар беріледі.