Жанқош Тұраровтың титулды жекпе-жегі шегерілді

Қазақстандық боксшы Жанқош Тұраровтың (24-0 17КО) ұлыбританиялық Тайрон Маккеннаға (21-2-1 6КО) қарсы жекпе-жегі 3 сәуірге шегерілді, деп хабарлады Prosports.kz МТК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жекпе-жек 12 наурызда Дубайда өтеді деп жоспарланған. Кездесу өтетін орын өзгерген жоқ. Боксшылар жартылай орта салмақта WBO Inter-Continental титулын сарапқа салады.

Кештің басты жекпе-жегінде жеңіл салмақта WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы америкалық Джамел Херринг (22-2, 10 КО) пен жартылай жеңіл салмақтағы IBF тұжырымы бойынша бұрынғы әлем чемпионы ұлыбританиялық Карл Фрэмптон (28-2, 16 КО) кездеседі.

Жанқош Тұраров 2019 жылдың шілдесінен бергі алғашқы жекпе-жегін өткізеді. Сол кезде боксшы аргентиналық Мауро Максимилиано Годоиді (32-6-1, 17 КО) үшінші раундта нокаутпен жеңген.