«Бұрқасын» қысқы фестивалі биыл несімен ерекшеленді?

Елордада «Бұрқасын» қысқы феставилі өтіп жатыр. Оған мыңнан аса қатысушы келген.

Есіл өзені бүгін еркелемеді. Керісінше дене шынықтырып, бой сергітуге келген мыңдаған жанға құлашын жайды. Мұз үстінде доп та тебілді, пима киіп хоккей ойнағандар бар. Авто-мото спортына да орын табылған. Шаңғы теуіп жарысқандар да аз емес. Қысқасы, қыстың соңғы күні елордалықтар үшін есте қаларлықтай өтіп жатыр. Ең бастысы, спортқа отбасымен бірге ден қойғандар аз емес.

Талап Байзақ, фестивальге қатысушы:

- 30 жылдан асып кетті шаңғымен, жеңіл атлетикамен айналысамын. Балаларымыз да қатысады осындай шараларға. Бүгін міне, баламызбен бірге келдік.

Ермұрат, жарысқа қатысушы:

– Бірінші рет қатысып тұрмын. Жеңуге дайынмын.

«Бұрқасын» қысқы фестивалі 21-нші рет өтіп жатыр. Жылдан жылға қатысушылар саны көбеюде. Бұқаралық спортты дамытуға елорда тұрғындары ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінен де ат терлетіп келгендер бар. Биылғы жарыс түрлері де бұрынғыға ұқсамайды.

Самат Ерғалиев, қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– Пимамен хоккей. Командалық ойын. Сол спорттың түріне қызығушылық танытып жатыр. Авто-мото спорт іс-шаралары жоғары деңгейде өтіде. Авто-мотоға басқа өңірден де қатысып отырған спортшыларымыз бар. Осы іс-шара әрі қарай жалғасын таба беретініне сенімдімін.

Қатысушылардың алды 10-да. Ердің жасы 50-ден асқандар да жас буынға үлгі болып, жол көрсетіп жүр. Карантиннен жалыққан көпшіліктің қаны буырқанғаны анық байқалады. Даладағы бұрқасынға қарамастан, барын салып жатыр. Бізді шабыттандырған жүлде емес, шадыман көңіл күй дейді олар.

Мерей Мұратханқызы, Асхат Қарағойшы

Сондай-ақ...