Елордада қазақ күресінен Қазақстан чемпионаты өтті

Елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында 2006-2007 жылы туған жасөспірімдер арасында қазақ күресінен Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған іс-шараға еліміздің барлық өңірлерінен 180 спортшы қатысты. 

Жарыс «Qazaq kuresi» қауымдастығы бекіткен қазақ күресі ережелері бойынша өтуде.

26 ақпан күні жалауын көтерген үш күндік боз кілемдегі бәсекеде еліміздің 17 құрамасының балуандары -38, -42, -46, -50, -55, -60, -65, 70, -75, +75 кг салмақ дәрежесінде сынға түсті. 

Жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Спорт және Дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Макен және «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері, қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Айбек Нұғымаров қатысты. 

Бақтияр Макенұлы жарыс қатысушыларына сәттілік тілеп, -50,-55,-60,-65 келіде жеңіске жеткен жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін арнайы марапаттады.

Жарыстың бас төрешісі Болат Ақжігітов карантинге байланысты әр өңірден өз салмақтары бойынша бір-бір спортшы іріктеліп алынғанын айтты. 

«Чемпионатқа әр облыстан бір бір спортшы ғана жолдама алды. Жарыс барлық санитарлық нормалар мен қауіпсіздік ережесін сақтай отырып өткізілуде. Жарысқа рейтингтен өткен, арнайы шақырылған үздік 20 төреші төрелік етті. Барлық балуандардың дайындық деңгейі жақсы, бәрі бір деңгейде, себебі бір жылдан кейінгі бірінші жарысымыз болғандықтан біраз спортшыларымыздың салмақтары өсті. Барлығы жоғары деңгейде өтуде», - деді Болат Ақжігітов.