Футзал: Қазақстан-Израиль құрамаларының екі ойыны да елордада өтеді

Футзалдан Қазақстан құрамасының 2022 жылғы Еуропа чемпионаты топтық іріктеу кезеңіндегі Израильмен болатын екі ойыны да елімізде өткізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Естеріңізге сала кетелік, қазақстандық футзалшылар бесінші топқа түсті. Қарсыластары Венгрия, Беларусь және Израиль құрамалары. 

Қазақстандық құрама бұған дейін екі кездесу өткізуі тиіс болатын. Алғашқы ойында өз алаңында Венгриядан 5:0 есебімен басым түсті. Екінші кездесуді 28 қаңтарда Израильде өткізу жоспарланған. Дегенмен аталған мемлекетте 26-31 қаңтар аралығында коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында халықаралық рейстер жабылды. Сондықтан аталған ойынды кейінге шегеру жөнінде шешім қабылданды.

Қос құрама арасындағы екі кездесу енді 9 және 11 сәуір күндері Нұр-Сұлтан қаласындағы «Жекпе-Жек» стадионында болады деп күтілуде.

Қазір турнир кестесінде Қазақстан, Венгрия және Беларусь құрамаларының қоржынында үш-үш ұпайдан бар. Екі қарсыласынан қазақстандық футзалшылардың бір ойыны кем. Соңғы орындағы Израиль әзірге ұпайға қол жеткізген жоқ.

Айта кетейік, 2 наурызда Қазақстан құрамасы өз алаңында Беларусь құрамасын қабылдайды.