Нұр-Сұлтанда 14-15 жастағы жасөспірімдер арасындағы ел чемпионаты өтті

Ұзақ үзілістен кейін қазақ күресінің жарыстары жанданды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елордада 14-15 жастағы жасөспірімдер арасындағы ел чемпионаты өтті. Оған барлық аймақтан 200-ге жуық қатысушы жиналды. Олар 10 салмақ бойынша өзара мықтыны анықтады. Бұл жолғы байрақты бәсеке Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналды және 3 күнге созылды. «Нәтижесінде спортшылардың бабын байқап, оларға қосымша мотивация бердік», - дейді ұйымдастырушылар. Енді дәл осындай үлгіде, яғни, санитарлық талапты қатаң сақтай отырып, басқа спорт жарыстарын да өткізу жоспарланып отыр.

Самат Ерғалиев, қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

- Әрине, Қазақстан чемпионаттарын өткізуіміз қажет. Короновирусқа байланысты 2 жылға жуық жарыс көрмеді спортшыларымыз. Бұл спортқа үлкен әсер етеді. Сондықтан спорттық іс-шараларды одан әрі жандандырып, алдағы уақытта республикалық және халықаралық жарыстарды өткізу дұрыс деп ойлаймын.