Мереке қарсаңында зілтемірші қызға құрмет көрсетіліп, арнайы төсбелгі табысталды

Нәзік жанды арулардың спорт саласында да бәсі жоғары.

Олар еліміздің атынан халықаралық додаларда өнер көрсетіп, әнұранымызды асқақтатып жүр. Байрақты бәсекеде ел сенімін ақтаған саңлақтардың бірі – Рио-де-Жанейро Олимпиадасының қола жүлдегері Карина Горичева, деп хабарлайды «Хабар 24».

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында зілтемірші қызға құрмет көрсетіліп, арнайы төсбелгі табысталды.

8 наурыз мерекесі қарсаңында Карина Горичева еліміздің «Үздік спортшысы» атанды. Мұндай марапатқа жету үшін ол бірнеше жыл тынбай еңбек етіп, маңдай терін төкті.

Еліміздің атынан байрақты бәсекелерге қатысып, Дүниежүзілік универсиада мен Олимпиада ойындарында топ жарды.

Карина жаттығу жасаумен қатар білімін арттыруға ұдайы көңіл бөледі. Өйткені ауыр атлетика ағзасына ғана емес, жүйкесіне де салмақ салатыны белгілі. Сын сағатта сыр бермес үшін көбіне психологиялық кітаптарды оқиды екен.

Карина Горичева, Рио-де-Жанейро Олимпиадасының қола жүлдегері:

- Спортта психологияның орны ерекше. Өйткені ол жарыс алдында уайымдамауға, қорқынышыңды жеңуге көмектеседі. Дер кезінде ойыңды жинауды үйретеді. Оны да жаттықтыру керек. Сол үшін кітапты көп оқимын.

Байрақты бәсекеде ел сенімін ақтаған Карина «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына енді.

Елена Горичева, К.Горичеваның анасы:

- Каринаның «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына енгені мен үшін күтпеген жаңалық, тосынсый болды. Қай жарысқа қатысса да, жеңіспен оралғанын қалаймын. Мерейі үстем бола берсін!

15 жасынан спортпен шұғылданып келе жатқан зілтемірші қыз бүгінде шәкірт тәрбиелеп жүр. Бағындырған белестеріне масаттанбай, өзі де тыңғылықты дайындық үстінде. Тіпті мереке күндері жаттығудан қол үзген емес.

Михаил Хамитов, жаттықтырушы:

- Карина туралы айтатын болсақ, оның бойында спортшыға керек қасиеттің бәрі бар. Қазір ол жарысқа қатысуға шамамен 90%-ке дайын. Әлі серпе және жұлқа көтеруде көңіл бөлетін нәрселер бар. Енді сол әдістерді жетілдіруге күш саламыз.

Анжела Шалқарова, ауыр атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

- Каринаны 8 жылдан бері танимын. Ол өте талантты спортшы және жақсы құрбы. Ол бізді үнемі шабыттандырып жүреді. Біз оны үлгі тұтамыз.

Спорт саңлағы енді 64 келі салмақта ел біріншілігіне қатысып, жеңімпаз атануды жоспарлап отыр. Ал, одан кейін кіші Олимпиада саналатын Азия құрлықтық бәсекесінде әнұранымызды асқақтатуды мақсат еткен. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев