Ташкентте есту қабілеті нашар спортшылар арасында шахматтан турнир өтеді

Осы жазда Ташкентте есту қабілеті төмен спортшылар арасында шахматтан халықаралық турнир өтеді. Біздің құрама сол сайысқа қызу дайындалып жатыр. Бар үміт Әлия Мұратовада. Талай жарыста топ жарған қазақ қызы бұл жолы да қарсылас шақ келтірмейтін шығар деп үміттеніп отырмыз.    

Азия чемпионатына аз қалды. Осы жазда Ташкентте өтеді. Соған жақсылап дайындалу керек. Әлияның қазіргі уайымы осы. Қалай да топ жаруға тырысамын деп, өзіне серт берген.   

Әлия Мұратова, шахматтан Еуропа чемпионатының қола жүлдегері:

- Қазақстан құрамасы осал емес. Басқа елдер бізбен санасады. Сескенеді деп айтсам да болады. Біз өзіміздің мықты екенімізді Азия чемпионаты кезінде көрсетеміз деп ойлаймын.  

Шахматты атасы үйретіпті. Кейін кәсіби түрде айналыса бастаған. Әлемдік додаларда бақ сынап үлгірді. Еуропа чемпионатында қола медаль еншіледі. Екі жыл бұрын Беларусь елінде өткен жарыста екінші орын алды. Ел ішіндегі біріншіліктерде де тұғырдан түскен емес.

Сағымбай Дәуренбеков, бапкер:

- Оны Польшаның құрама командасы өз қатарына қосқысы келіпті. жарысқа біздің атымыздан қатыс деп ұсыныс беріп жатыр. Біз қазір ойланып жатырмыз.

Өзге елдер Әлияға қолқа салып жатыр. Бірақ бұрымдының басқаларға бүйрегі бұра қоймас. Спортшы осыдан 2 жыл бұрын Италияда өткен қысқы сурдлимиада ойындарына қатысып көрген еді. Қазақстан құрамасы алғаш рет бақ сынаған. Әлия сол сайыста бесінші орын алып қалды. Бұл ойындар енді екі жылдан кейін тағы өтеді. Сол кезде топ жарамын деп отыр. 

Әлия Мұратова, шахматтан Еуропа чемпионатының қола жүлдегері:

- Болдым, толдым деуге болмайды. Талпына беру керек. Сол кезде жетістікке жете аласың. Мен өз елімнің атын шығарғым келеді. Қазақстан құрамасы биік тұрғанын қалаймын. 

Әлия кейін бапкер болуды да армандайды. Кембағал жандардың ешкімнен кем емес екенін дәлелдегісі келеді. Тек талпына білген адамның ғана мұратқа жетерін жақсы біледі.

Авторлар: Қорған Төреқожа, Ерлан Наурызбаев