Алматыда фристайл могулдан әлем чемпионаты басталды

Алматыда фристайлдың могул және шаңғымен акробатика түрінен әлем чемпионаты басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл сынға әлемнің 19 елінен 150-ге жуық үміткер келген болатын. Жарыстың алғашы күні-ақ Қазақстан қоржынына екі медаль түсті. Қыздар арасында Юлия Галышева күміс жүлде иеленсе, ерлер арасында Павел Колмаков қола жүлдегер атанды. Осылайша, спортшыларымыз қазақстандық аруларға үлкен сый жасады.

Жандос Айтбайұлы, тілші:

- Фристайлдан әлем чемпионаты қазақ жерінде тұңғыш рет өтіп отыр. Дүниежүзілік жарыстардың күнтізбесіне сәйкес бұл доданы Қытайдың Чжанцзякоу қаласы қабылдау керек болған. Пандемияға байланысты әлем біріншілігі Алматыға ауыстырылды. Бұған дейін Азиада мен Универсиада және әлем кубоктарының кезеңін жоғары деңгейде ұйымдастырған біздің елге халықаралық шаңғы федерациясы үлкен сенім артты. Болмаса, Канаданың Калгари қаласыда әлем чемпионатын алуға ниет білдірген еді.

Асқар Валиев, ҚР Шаңғы қауымдастығының бас хатшысы:

- Бұл жарыста санитарлық талаптар қатаң сақталады. Сондықтан да жарысты жанкүйерлер келіп тамашалай алмайды. Ал журналистер қауымы бұрынғыдай спортшылардан емін-еркін сұхбат ала  алмайды. Өйткені талап сондай. Барлық спортшылар жарыста алдында ковидке тест тапсырды. Қысқасы, әлем біріншілігі халықаралық шаңғы федерациясы жасаған жоспар бойынша өтуде.

Сөйтіп, қысқы Олимпида қарсаңындағы дүбірлі додаға дүниежүзі мықтыларының бәрі келді. Жарыс шымылдығын могул мықтылары ашты. Біздер Юлия Галышева мен Дмитрий Рейхерд және Павел Колмаков секілді тәжірибелі спортшыларға сенім арттық. Қыз-жігіттеріміз сол сенімді ақтады деп айтуға толықтай негіз бар. Қыздар арасында Анастасия Городко мен Юлия Галышева іріктеу кезеңінен іркілмей өтіп, финалға жолдама алды. Супер финалда Юлия Галышеваға сәл ғана сәттілік жетіспей қалды. Жерлесіміз үш дүркін әлем чемпионы және Олимпида ойындарының жеңімпазы француз Перри Лаффонға жол беріп, күмістен алқа тақты. Ал ерлер арасында Павел Колмаков іріктеу кезеңінде ірілік таныта алмағанымен, финалда бар шеберлігін паш етті.Канадалық Микаэль Кингзбери мен француз Бенджамин Кавэ секілді атағынан ат үркетін спортшыларды алға жіберіп, үшінші орыннан көрінді. Ертең параллельді могулда жүлделі орындар сарапқа салынады. Одан кейін жарыс жолына акробаттар шығады. Жанбота Алдабергенова мен Ақмаржан Қалмырзаева және Аяна Жолдастар жүлделі орынға ілініп, қоржынымыныздың қос бүйірін шығарады деген үміт басым.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Сержан Жұмабаев, Валентин Лобанов