«Барыстың» ойындарына жанкүйерлер кіргізіле бастады

Міне, осымен екінші матч елордалық клуб қиқу салған көрермендер алдында өнер көрсетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соның арқасы ма, Юрий Михайлис баптайтын жігіттер мықты саналатын «Металлург» командасын ұтып жүр. Қазір плей-офф сериясындағы есеп: 2:2.

Хоккейшілер арасындағы жанжалдар, аса қатаң ескертулер және 6 бірдей шайба. «Барыс» - «Металлург» кездесуіне келгендер осынған куә болды. Айта кету керек, хоккей жанкүйерлері жылға жуық аренаға кіре алмады. Қазір қаладағы эпидахуал жіті ескеріліп және санитарлық талаптар негізге алынып, осындай мүмкіндік беріліп отыр. Бірақ өзіндік шектеулер бар. Мәселен, трибуна 30 процентке ғана толуы керек. Осы мақсатта билеттер саны қыстартылды және бір қолға үшеуден артық сатылмайды. Бұл жағдай, әсіресе, алып-сатарларға жақсы болды.

Алдын ала билетті сатып алғандар кейін оның бағасын еселеп сатып жатты. Тіпті 20 мың теңге қойғандары да бар. Бұл әрине, қала тұрғындары арасында түсініспеушілік тудырды.

БЛИЦ:

– Билеттерді касса арқылы сатып алу қиын. Ұзын-сонар кезек. Сағаттап күтуің керек. Бірақ соған қарамастан бүгінгі матчқа кірдім.

– Алып-сатарларға жоламадым. Билетті кассадан алдым. Біраз күтуге тура келді. 3 билетке 6 мың теңге төледім.

Жанкүйерлердің қолдауынан ба, әлде басқа фактор әсер етті ме, әйтеуір, «Барыс» бұл жолы жақсы өнер көрсетті. Қонақтар 2 рет алға шығып еді. Артынша Мет Фреттин және Джесси Блэкер есепті теңестірді. Ал Романа Старченко мен Кирилл Панюков қорытынды нәтижені 4:2-ге жеткізді.

Якоб Лилья, «Барыс» хоккей клубының мүшесі:

– Жанкүйерлердің қолдауы керемет. Жақсы мотивация алдық. Олар бізді әбден сағынған. Біз де көрермендерсіз ойын қызықсыз болатынына көз жеткіздік.

Айта кетейік, «Барыс» пен «Металлург» плей-офф кезеңі аясында 4 матч өткізді. Әзірге жалпы есеп тең. Енді Юрий Михаилис баптайтын жігіттер сырт алаңда ойнайды. Плей-офф кезеңі бір команданың 4 жеңісіне дейін жалғаса береді.

Аслан Қаженов, Наурыз Базаров