Батыр Жүкембаев IBF турниріне қатысуы мүмкін

Жеңіліп көрмеген қазақстандық кәсіпқой боксшы Батыр Жүкембаев IBF турнирінде жекпе-жек өткізуі мүмкін, деп хабарлады Prosports.kz.

Халықаралық бокс федерациясы жартылай орта салмақтағы чемпиондық белбеу үшін төрт боксшының арасында турнир өткізуді жоспарлап отыр. Boxingscene басылымының мәліметінше, IBF Батыр Жүкембаев пен пуэрторикалық Сабриэль Матиасқа жекпе-жек өткізуге ұсыныс білдірген. Сондай-ақ британиялық Льюис Ритсон мен аргентиналық Йеремиас Понсе жекпе-жегін ұйымдастыруды қарастырып жатыр. 

Екі жұптың жеңімпаздары өзара кездесіп, IBF чемпиондық белбеуін сарапқа салады. Турнир 22 мамырға жоспарланған. 

Айта кетейік, Батыр Жүкембаев 10 наурызда АҚШ-та өтетін бокс кешінде шаршы алаңға шығады деп күтілуде.