Алты құрама Еуропа чемпионатына жолдама алды

Футзалдан Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша алты команда құрлықтық чемпионатқа жолдама алды, деп хабарлады Prosports.kz УЕФА сайтына сілтеме жасап.

4, 6 және 7 топтарындағы бірінші орындарды Босния мен Герцеговина, Испания және Италия құрамалары мерзімінен бұрын иеленді.

Екінші орын иелеген алты команда да финалдық кезеңге жолдама алады. Хорватия, Әзербайжан және Ресей құрамалары өз топтарында кем дегенде екінші орын алады. Сондықтан бұл құрамалар да дүбірлі додаға жолдама алды. 

Жоғарыда аталған алты команданың барлығы да УЕФА-ның ЕВРО-2022 іріктеу ойындарының төртеуінде де жеңіске жетті.

Ал өз тобында үш ойыннан кейін тоғыз ұпай еншілеген Қазақстан құрамасы 6 сәуір күні Венгрия құрамасын жеңетін болса, жерлестеріміз де Еуропа чемпионатында бақ сынауға мүмкіндік алады. 

Еске сала кетейік, 2022 жылғы футзалдан Еуропа чемпионатының финалдық бөлігі Нидерландта 2022 жылдың 19 қаңтары мен 6 ақпаны аралығында өтеді.