Футболдан ел біріншілігі қашан басталатыны белгілі болды

Қазақстан премьер-лигасында өнер көрсететін он төрт команда кезекті біріншілікті бастайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін «Қайрат» Алматыда Талдықорғанның «Жетісуын», «Тұран» Түркістанда «Астананы», «Атырау» Қарағандының «Шахтерін» қабылдайды. Алғашқы турдың өзге ойындары жексенбіге белгіленген. Қанша жерден сырттан ойыншы тасымайық деген бастама көтерілсе де, елдегі аяқдоп шаруашылығының тізгінін ұстағандар 24 елден футболшы шақырыпты. Мысалы іргедегі Ресейден 24 ойыншы тіркелген. Беларусь пен Арменияның да бірнеше футболшылары жүр. Олардың бәрі легионерлер саналмайды. Былтырдан бері сондай мәртебе берілген. Алақандай Сербиядан 16, Украинадан 11 ойыншы келіпті. Нигерия мен Бразилиядан, Франция мен Португалиядан да кемі бес-алтыдан футболшы келді. Аргентина мен Италиядан, Германия мен Польшадан, Бельгия мен Чехиядан да шақырыпты. Сенегал мен Гана және Гаити жақтан да келді. Балқан түбегі, Қап тауы түгел қамтылды. Өзбек, қырғыз, түркімен ойыншылары да қазақ футболының қазанын қайнатуға дайын. Он төрт қана командасы бар елдің дүниенің төрт бұрышынан футболшы жинай алуы кісі сене қоймайтын құбылыс болса керек. Өз өрендерін өзекке тебуден жалықпайтын біздің футбол биыл да дәстүрден жаңылмауды жөн көріпті.