Фристайл: Жанбота Алдабергенова әлем кубогы кезеңінің қола жүлдегері атанды

Бүгін Алматыда фристайлдың акробатика түрінен әлем кубогының шешуші кезеңі өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақ жанкүйкерлері Жанбота Алдабергенованың жолына үмітпен қараған еді. Екі күн бұрын аяқталған әлем біріншілігінде жүлдеден сырт қалған Жанбота бұл жолы жарады. Өте күрделі жаттығуларды сауатты орындаған жерлесіміз әлем кубогы кезеңінің қола медальына қол жеткізді.

Әлем чемпионаты аяқталған күні Жанботамен жүздескенімізде енді сенбі күні жанкүйерлер сенімін ақтауға тырысамын деген. Алдабергенова сөзінде тұрды. Әлем кубогының шешуші кезеңінде жерлесіміз өзінің осы маусымдағы ең үздік нәтижесін көрсетті. Бүгінгі жарыста ел намысын 4 спортшымыз қорғаған болатын. Алайда іріктеу кезеңінен тек Жанбота ғана іркілмей өтті. Кіші финалда 97 де 30 нәтижесін көрсеткен Алдабергенова кіл мықтылардың арасынан екінші орыннан көрінді. Супер финалда осы көрсеткіші сақталып қалғанда, Жанботаға чемпион атанатын мүмкіндік бар еді. Шешуші кезеңде тәуекелге барғанымен сәл ғана сәттілік жетіспеді. Дегенмен соңғы нәтижесі де қола жүлде алуға жеткілікті болды.

Жанбота Алдабергенова, әлем кубогы кезеңінің қола жүлдегері:

– Финалдағы нәтижемді қайталай алмадым. Өйткені он екілікке секіргенде мен оңайырақ элемент жасаған болатынмын. Қазір вабанкқа кеттім. Бірақ қатты оралған жоқпын, құлаған жоқпын.

Баласы атқа шапса анасы үйде отырып тақым қыспайтын ба еді. Жанботаның анасы мен бауырлары жарыстың алғашқы күнінен бастап Шымбұлаққа келіп, қыздарының тілеуін тілеумен болды.

Назерке Алдабергенова, Жанботаның сіңілісі:

– Екінші орында өте қатты қуандық, оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Анам өте қатты қуанып, тіпті жылап жіберді.

Бас жүлде канадалық Мэрион Тенольттың қанжығасында кетсе, күміс жүлде ресейлік Любовь Никитинаға бұйырды. Осылайша басы қатты болған акробаттар жарысының аяғы қазақ спортшылары үшін сәтті болды.

Жандос Айтбайұлы, Валентин Лобанов