Алматыда жұптық могулдан әлем кубогының соңғы жарыс кезеңі өтпеді

Ауа райының қолайсыздығына байланысты жұптық могулдан Шымбұлақтағы әлем кубогының соңғы жарыс кезеңі өткен жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әлемнің әр түкпірінен келген спортшылар үш сағат бойы жарысты бастауға әрекет еткенімен, тұман мен қалың қар мүмкіндік бермеді. Могулшылар үшін Алматыдағы сайыс әлем кубогының соңғы кезеңі болатын. Жалпы есепте ерлер арасында әлем кубогының бас жүлдесі австралиялық Мэтт Грехэмге бұйырды. Әйелдер арасында француз Перрин Лаффон топ жарды. Қазақстан құрамасы аздаған демалыстан соң Бейжіңде өтетін Олимпиада ойындарына дайындықты бастайды. Қысқы ойындарға жерлесіміз Юлия Галышева жолдама ұтып алған. Сонымен қатар Павел Колмаков та Олимпиадаға барады. Өзге спортшылар қараша айындағы жарыстарды күтеді.

Елена Круглыхина, фристайлдан Қазақстан құрамасының бас бапкері:

- Ауа райы мүмкіндік берсе, біз осы Шымбұлақта жаттығатын боламыз. 1 маусымнан бастап Олимпиада ойындарына жан-жақты дайындық басталады. Әрине, биылғы жылдың жаңалықтарын өз тәжірибемізге енгізетін боламыз. Менің ойымша, спортшылар бұған дайын.