Шорт-тректен ел үздіктері анықталды

Ұзақ үзілістен кейін шорт-тректен ішкі біріншілік жанданды. Биылғы ел чемпионатын Нұр-Сұлтан қаласы қабылдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған еліміздің барлық өңірінен жүзге жуық қатысушы жиналды. Үш күнге созылған жарыс нәтижесінде ел үздіктері анықталып, ұлттық құрама жасақталды. Атап айтқанда, елордалық Яна Хан мен Мадина Жанбосынова, павлодарлық Еркебұлан Шамұханов, оралдық Әділ Ғалиахметов сияқты спортшылар бірнеше қашықтықта топ жарды. Енді ел үздіктері алдағы айларда бірқатар оқу-жаттығу жинын өткізеді. Ал күзде лицензиялық турнирлер басталады.

Айта кетейік, Пекин қаласында өтетін қысқы олимпиадаға жылға жетер-жетпес қана уақыт қалды.