Париж-Ницца велокөпкүндігі: «Астана» шабандоздары үздік үштікте

Францияның таулы-қыратты аймақтары арқылы өтетін Париж-Ницца велокөпкүндігі аяқталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әлемнің ең үздік шабандоздары аптадан аса уақыт өзара мықтыны анықтаған еді. Соңғы кезең 119 шақырымға созылды. Нәтижесінде швейцариялық Магнус Корт жеңімпаз атанды. «Астана» спортшылары арасынан ең тәуір көрсеткішке Йон Исагирре қол жеткізді. Ол мәре сызығын жетінші болып кесті. Ал жалпы есепте германиялық Максимилиан Шахман топ жарды. Екінші орынға қазақстандық клуб сапындағы Александр Власов жайғасса, оның командаласы Йон Исагирре үздік үштікті түйіндеді. «Астананың» басқа мүшелері Луис Леон Санчес жалпы есепте он жетінші, Маттео Собреро қырық екінші, ал Омар Фраиле 50-сатыларға жайғасты.