Алматыда батутты гимнастикадан ұлттық біріншілік аяқталды

Алматыда батутты гимнастикадан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған жарысқа елдің 9 облысынан және Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласынан 200-ден аса үміткер қатысты. Үш күндік жарыстың қорытындысы бойынша жүлденің басым көпшілігін шығысқазақстандық және солтүстікқазақстандық спортшылар ұтып алды. Атап айтар болсақ, Алексей Перепадя мен Марат Морозов және Ислам Қабдолов пен Анжела Вислобокова, сондай-ақ Ангелин Гейер мен Юлия Афониналар ел чемпиондары атанды. Енді маусым айында Италияда олимпиада ойындарының соңғы іріктеу кезеңі өтеді. Осы сында ел намысын Данил Мұсабаев пен Пермамед Әлиев секілді тәжірибелі спортшылар қорғайды.

Ольга Муртазина, жарыстың бас төрешісі:

- Біз ұзақ уақыттық үзілістен кейін жастар мен жасөспірімдер жарысын бірінші рет өткізіп отырмыз. Әлемдік пандемияға байланысты өткен жылы көптеген жарыстар кейінге шегертілген болатын. Карантин кезінде спортшылардың басым көпшілігі  бабын жоғалтып алғаны байқалады. Өйткені олар осы жарыста бар шеберліктерін көрсете алған жоқ. Дегенмен, алдағы уақытта бәрі қалпына келеді деген ойдамыз.