Қазақстанның гандболшы қыздары Олимпиада жолдамасын сарапқа салады

Қазақстанның гандболшы қыздары Токио ойындарының жолдамасын Дьер қаласында сарапқа салады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Біздің топта алаң иелері саналатын Венгрия құрамасы, Рио Олимпиадасының чемпиондары Ресей қол добы шеберлері және Сербия бар. Қазақстанның қыздары алғашқы кездесуін бүгін Венгрияға қарсы өткізеді. Негізгі құрамдағы бірнеше ойыншы әртүрлі себептерге байланысты мажар еліне бармай қалды. Дегенмен, қақпашы Жанат Айтенова және оның командалас достары Гүлназ Ешпанова, Ләззат Келібаева, Гүлнәр Меңдібаева намысты қолдан бермес. Лунара Сыздықова мен Сервара Реджеметова, Дана Әбілдә мен Арай Әбдіхамит та біршама ысылды. Таңшолпан Жүмәділова мен Әсем Амангелді де өздеріне артылған сенімді ақтайды деген ойдамыз. Ертең Қазақстан құрамасы Ресеймен, ал 21 наурыз күні Сербиямен кездеседі.

***

Қазақстандық былғары қолғап шебері Айдос Ербосынұлы 17 сәуірде рингке шығады.

Жекпе-жек Германияда өтеді. Жерлесіміз ресейлік Евгений Шведенкомен жұдырықтасады. Жеңіске жеткені IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы титулына үміткер болады. Қазір ол америкалық Калеб Планттың қолында. Айта кетейік, Айдос осы кезге дейін қарсылас шақ келтірмеді. Былтыр Екінші орта салмақта WBC Asia, WBA International және  WBO Global  титулдарын сәтті қорғады. Спорт әлеміндегі өзге де жаңалықтар келесі топтамада.

***

«Номад» пен «Сарыарқа» жартылай финалда

Хоккейден Қазақстан чемпионатының жартылай финалында өнер көрсететін командалардың алғашқы легі айқындалды. Ол елордалық «Номад» пен Қарағандының «Сарыарқасы». «Көшпенділер» сырт айдында «Теміртауды» тізе бүктірді. Қақпаға жалпы есепте 9 шайба салынды. «Барыстың» шәкірттері де қарсыласын бет қаратпай ұтты.

Александр Высоцкий, «Номад» ХК бас жаттықтырушысы:

- «Теміртау» командасына тартысты ойын үшін алғыс айтамын. Қатарға жастар көп алынған. Дайындықтары жоғары деңгейде болғаны байқалып тұрды.

Сондай-ақ бірінші раундтың төрт бірдей кездесуін қарағандылық «Сарыарқа» да сәтті өткізді. Өкінішке қарай, Петропавлдың «Құлагері» жарыс жолынан шығып қалды. Қарсыластар арасындағы соңғы ойын 4:2 есебімен түйінделді.

Келесі кезеңге жолдамаға алуға Өскемендік хоккейшілердің де мүмкіндігі мол. Үшінші матчта «Торпедо» алматылықтарға тойтарыс бере алды. Ойынның негізгі бөлігінде командалар бір голдан ғана шектелді. Ал қосымша уақытта Олег Болякиннің тәрбиеленушілері ширақтық танытып, 3:0 есебімен суырылып алға шықты. Атыраулық «Бейбарыс» пен Көкшетаудың «Арланы» арасындағы тартыста кімнің басым түсері белгісіз. Жолдаманың иегері 21 наурызда Көкшетауда өтетін ойында анықталады. Айта кетейік, Арқаның спортшылары сырт айдында таразы басын теңестірген еді. Мачтың аяқталуына үш минут қалғанда «жасылдар» қолда тұрған жеңістен қапыда айырылып қалды.

***

Футзал: «Ақтөбе» екінші орынға орнықты

Футзалдан Қазақстан чемпионатында «Ақтөбе» екінші орынға берік орнықты. «Қызыл-ақтар» Ақтаудың «Каспийін» 3:7 есебімен ұтты.

Қазір ақтөбеліктердің қоржынында 59 ұпай бар. Көш басында 85 ұпаймен «Қайрат» командасы келеді. Алматылықтар Талдықорғанның «Жетісумен» сынға түсуі тиіс еді. Алайда соңғысы қаржылық қиындықтарға байланысты жарысқа қатыса алмады. Рудныйдың «Аят»  командасы

Көкшетаудың «Оқжетпесін» 3:0 есебімен ұтып, турнир кестесінде үшінші орынға көтерілді.

Алайда бүгін үздік үштіктің қатарын «Атырау» толықтырады. Себебі, жарыстан бас тартқан «Жетісу» үшін техникалық жеңіс жазылып, қосымша үш ұпай еншіледі.