433,32 516.00 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстандық жас теннисшілер Минсктегі турнирде жүлдегер атанды

  • 269
  • UPD: 12:13, 20.03.2021
Қазақстандық жас теннисшілер Минсктегі турнирде жүлдегер атанды

Қазақстандықтар Әмір Омарханов пен Зара Дәркен жұптық сында 13-19 наурыз аралығында Минскіде «Tennis Europe Junior Tour» сериясы бойынша жаcөспірімдер арасында өткен халықаралық турнирде табысты өнер көрсетті, деп хабарлайды ҚТФ баспасөз қызметі.

Жарысқа Беларусь қана емес, сондай-ақ басқа да көптеген елдерден 14 жас және одан кіші спортшылар қатысты.

Ә.Омарханов Беларусь өкілі Руслан Костюкевичпен бірге алғашқы кездесулерінде турнирдің 2-ракеткалары, ресейліктер Егор Горин мен Илья Мальцевті 6:3, 0:6, 10:7 есебімен тізе бүктіріп, айды аспанға шығарды.

Ширек финалда армениялық Микаэл Аванесян мен белоруссиялық Станислав Бульбянковты 6:2, 6:2 есебімен ұтты.

Жартылай финалда Ә.Омарханов пен Р.Костюкевич чехиялық Жозеф Седлар мен ресейлік Максим Власовты жолдан тайдырды – 6:7 (5), 6:2, 10:5. Тек финалда ғана доданың 1-ракеткалары, ресейліктер Тимофей Дерепаско мен Егор Плешивцевке 4:6, 5:7 есебімен есе жіберді.

Қыздар арасында германиялық Анастасия Нестеровичпен жұп құрған З.Дәркен де финалға дейін жетті.

Қазақстандық-германиялық жұп әуелі украиналық Стефания Пушкарь мен қазақстандық Софья Исакованы жеңді – 6:3, 7:5.

Ширек финалда жарыста 4-ракетка болып тіркелген ресейліктер Анастасия Рожкова мен Анна Снегиревадан басым түсті – 6:4, 6:2.

Жартылай финалда қарсыластары кортқа шықпағандықтан, соңғы сынға жолдама алған З.Дәркен мен А.Нестерович финалда турнирдің 1-ракеткалары, ресейліктер Дарья Бочкова мен Ксения Смирноваға тартысты матчта 5:7, 4:6 есебімен жол берді.

Осылайша Қазақстан жасөспірімдер құрамасының мүшелері Ә.Омарханов пен З.Дәркен халықаралық турнирде жүлдеге ие болды.

Хабар 24 телеарнасы