Анастасия Лаврова үстел теннисінен Токио Олимпиадасына лицензия ұтып алды

Үстел теннисінен Қазақстан құрамасының спортшысы Анастасия Лаврова Олимпиада ойындарына жолдама жеңіп алды деп хабарлайды Olympic.kz.

Бұл күндері Дохада үстел теннисінен Олимпиада ойындарына іріктеу турнирі өтіп жатыр. Аталған бәсекеде ерлер мен әйелдер арасындағы жарыс жеңімпаздарына Олимпиадаға жолдама үлестіріледі.

Әйелдер арасында жекелей сайыстың финалында отандасымыз Анастасия Лаврова бақ сынады.  Ол ақтық кезеңде өзбекстандық Мухабо Магдиеваны жеңді. Екеуара кездесу 4:2 есебімен аяқталып, ойын Лаврованың еншісіне шешілді. 

Айта кетерлігі, Анастасия Лаврова #TeamKz қоржынына Токио Олимпиадасының 44-жолдамасын салды.