Көркем гимнастика: елордалық спортшылар жастар ойынында топ жарды

19 алтын, 8 күміс және 5 қола. Елордалық гимнасшылар жастар ойынынан осындай олжамен оралды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Меруерт Балғынбаева баптайтын қыздар жалпы есепте алдына жан салмады. Өйткені, Шымкент қаласында өткен байрақты бәсекеде бас-аяғы 24 медаль жиындығы сарапқа салынған. Оның 19 алтынын Нұр-Сұлтан қаласының құрамасы еншіледі. Жарыстан кейін ел үздіктеріне құрмет көрсетіліп, арнайы сыйлықтар табысталды. Салтанатты шара барысында жас спортшыларға үлкен үміт артылатыны айтылды. Әсіресе, алдағы әлем чемпионатары мен олимпиада ойындарында ел намысын абыроймен қорғайды деген сенім білдірді.

Айта кетейік, биылғы жастар ойынының жалпы есебінде Шымкент қаласының құрамасы екінші, ал Шығыс Қазақстан облысының спортшылары үшінші орын алды.

Меруерт Төлегенқызы, көркем гимнастика жаттықтырушысы:

– Мамандар мықты, жаттықтырушылар де осал емес. Сонымен қатар жақсы жағдай жасалып жатыр. Бізге жуырда жаңа кешен берді. Ол жерде жаттығып, бұдан да биік белестерді бағындырамыз деп ойлаймын.