Семсерші Эльмир Алимжанов әлем кубогінің жартылай финалына шықты

Қазанда шпагамен семсерлесуден әлем кубогі кезеңі жалғасуда. Қазақстандық Эльмир Алимжанов ширек финалда жеңіске жетті деп жазады Olympic.kz. 

Жартылай финал жолдамасы үшін таласта Алимжанов жапондық спортшы Акиро Коматаны жеңді. Есеп - 15:13.

Аса тартысты өткен жекпе-жекте қарсыластар ең соңына дейін беріліскен жоқ. Бірде жапон споршысы алға шықса, енді бірде қазақстандық ноян тәжірибесінің көптігін көрсетті. Кездесудің соңына қарай Алимжановтың тактикалық әдісі оң нәтиже беріп, қарсыласынан маңызды екі ұпайды алды. Осылайша қазақстандық спортшы үздік төрт спортшының қатарына еніп отыр.

Жартылай финалда Эльмир Алимжанов венгриялық Гергей Шиклошиге қарсы шығады. Гергей Шиклоши шпагамен семсерлесуден 2019 жылғы әлем чемпионы әрі Еуропа чемпионатының қола жүлдегері саналады. 

Айта кетелік, 1/8 айналымда Алимжанов 2016 жылғы Рио Олимпиадасының чемпионы Сан Ен Пакты жеңген болатын.